АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийге тағы да шүйлікті. Одан «көңілі қалғанын» айтты. Трамптың сөзінше, Зеленский әлі күнге дейін «бейбіт келісім» құжатының жаңартылған нұсқасын оқымаған, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
7 желтоқсанда Дональд Трамп Вашингтондағы Кеннеди орталығы сыйлығын табыстау рәсімінде журналистердің сауалдарына жауап берді. Ол «АҚШ-тың бейбітшілік жоспарына Украина зор ықылас танытып отыр, алайда президент Зеленский бұл құжатпен әлі таныспаған» деді.
«Өткен аптадағы келіссөздерден соң біз Ресей президенті Путинмен де, Украина басшылығымен де, оның ішінде президент Зеленскиймен де сөйлестік. Ашық айтайын, президент Зеленскийдің бейбітшілікке арналған соңғы ұсынысты әлі оқымағаны мені сәл қынжылтты. Бұл – бірнеше сағат бұрынғы жағдай», – деді Трамп.
Контекст
Владимир Зеленский Telegram-арнасында АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф және Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен телефон арқылы сөйлескенін хабарлады.
«АҚШ өкілдері Украина ұстанып отырған негізгі қағидаттардан хабардар. Әңгіме күрделі болғанымен, конструктивті өтті», — деп мәлімдеді.
Бұған дейін, 6 желтоқсанда, АҚШ президентінің Украина жөніндегі арнайы өкілі Кит Келлог Украинадағы соғысты тоқтату туралы келісімге «қол қоюға өте жақын» екенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, бұл келісімнің тағдыры екі негізгі мәселеге — Донбастың болашағы мен Запорожье атом электр станциясының мәртебесіне байланысты.
«Егер осы екі мәселені реттей алсақ, қалғанының бәрі айтарлықтай оңай шешіледі деп ойлаймын», — деген Келлог.
Reuters агенттігінің деректеріне сәйкес, бүгінгі күні Ресей Украина аумағының 19,2 пайызын бақылауда ұстап отыр. Бұл көрсеткішке аннексияланған Қырым, Луганск облысының толық аумағы, Донецк облысының 80 пайыздан астамы, сондай-ақ Херсон мен Запорожье облыстарының шамамен 75 пайызы кіреді. Бұдан бөлек, Ресей Харьков, Сумы, Николаев және Днепропетровск облыстарының да кейбір бөліктерін басып алған.
АҚШ-тың бастапқы ұсыныстарына сәйкес, Запорожье атом электр станциясының жұмысы Халықаралық атом энергиясы агенттігінің бақылауымен қайта жандануы тиіс, ал өндірілген электр энергиясы Ресей мен Украина арасында бөлінбек.
8 желтоқсанда Германия, Франция және Ұлыбритания көшбасшылары Лондонда бас қосып, Майамидегі Украина мен АҚШ делегациялары арасындағы келіссөздердің нәтижелері негізінде Украинадағы соғысқа байланысты келесі қадамдарын талқылауы тиіс.