Саясаттанушы Ғазиз Әбішев мектептерде математика мен алгебраны, сондай-ақ биология, химия және физиканы біріктіру жоспарына қарсы шықты. Оның айтуынша, керісінше, жаратылыстану-математика пәндеріне бөлінетін сағаттарды арттыру қажет, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл тұрғыда ол математикалық білімді табысты дамытып отырған бірқатар Азия елдерінің тәжірибесіне сүйену керек екенін атап өтті. Қазақстанның бәсекеге қабілетті болуы үшін нақты ғылымдардағы берік білім аса маңызды.
ОПТИМИЗАЦИЯ
Әбішевтің пікірінше, пәндерді оңтайландыру гуманитарлық бағытта ғана орынды болуы мүмкін. Әдебиет негізгі пәнге айналуы тиіс. Ол қазақ және әлем әдебиетін қамтып, орыс тілін жеке пән ретінде емес, білім алудың құралы ретінде қарастыру қажет дейді. Саясаттанушының айтуынша, елдің мәдени коды қазақ әдебиетіне сүйенуі тиіс, бірақ басқа халықтардың әдеби дәстүрлерін де ескерген жөн.
ЦИТАТА
«Ешқашан оңтайландыру мақсатында жаратылыстану-математика цикліндегі сағаттарды қысқартуға болмайды. Арттыруға болады, қысқартуға болмайды. Азиядағы ғажайыпқа қараңыздаршы. Оңтүстік-Шығыс Азия – Қытай (оның ішінде Гонконг пен Тайвань), Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур және басқа елдер – барлығы математикаға үздіксіз машықтандыру жүргізіп отыр. Егер біз Қазақстанды бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосуды, қазақтарды табысты тарихи ұлт ретінде орнықтыруды қаласақ, ең бастысы – берік математикалық білім, дағды және машық», – деп жазды ол өзінің Telegram арнасында.
КОНТЕКСТ
Еске сала кетейік, биыл тамыз айында сол кездегі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бірқатар пәндерді пилоттық форматта біріктіру жоспарын жариялаған еді. Атап айтқанда, алгебра мен геометрияны біртұтас математика курсы ретінде оқыту мүмкіндігі қарастырылған болатын. Бұрынғы министр бұл шара қайталанатын тақырыптарды алып тастауға бағытталғанын айтқан.