Қазақстан тарихында алғаш рет Қашаған кен орнынан өндірілген мұнайдың бір бөлігі Қытайға «Атасу–Алашанькө» құбыры арқылы жөнелтілмек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘЖБҮРЛІ ҚАДАМ
Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап, желтоқсан айында Қазақстан Қашағаннан тікелей Қытайға 50 мың тонна мұнай жіберуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Бастапқыда бұл мұнай «Каспий құбыр консорциумы» (КҚК) арқылы экспортталуы тиіс еді. Қазақстан мұнайының 80%-ға жуығы дәл осы жүйемен жөнелтіледі.
Алайда 29 қарашада Новороссийскідегі КҚК терминалына украиналық дрондардың шабуылы салдарынан құбыр инфрақұрылымы толық қуатта жұмыс істей алмай қалды. Толық қалпына келтіру 11-13 желтоқсаннан ерте болмайтыны айтылып отыр.
Қашаған мұнайының Қытайға бағытталуы белгілі бір деңгейде логикалық шешім. Себебі кен орнын игеретін NCOC консорциумының құрамында қытайлық CNPC компаниясы бар. Reuters мәліметінше, CNPC Қытайға «Атасу–Алашанькоу» арқылы шамамен 30 мың тонна мұнай алмақ. Тағы 20 мың тонна — консорциумның жапондық қатысушысы Inpex үлесі.
«Атасу–Алашанькоу» құбыры Қазақстанды Қытайдың Шыңжаң аймағымен байланыстырады. Бірақ бұл маршрут негізінен басқа кен орындарының мұнайын тасымалдау үшін пайдаланылатын. Қазір аталған бағытпен айына орта есеппен 85-86 мың тонна мұнай өтеді.