Ресей Украина оккупацияланған аумақтарынан балаларды күшпен алып кетіп, оларды Солтүстік Кореядағы «қайта тәрбиелеу лагерьлеріне» орналастырып жатыр. Бұл туралы 3 желтоқсанда АҚШ Сенатындағы тыңдаулар барысында Украинадағы адам құқықтары жөніндегі Өңірлік орталықтың халықаралық құқық сарапшысы Екатерина Рашевская мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
165 лагерь: милитаризация және зорлықпен орыстандыру
Рашевскаяның айтуынша, ұйым 165 лагерьді құжаттап, онда украиналық балаларды милитаризациялау және зорлықпен орыстандыру жүргізіліп жатқанын анықтаған.
— Бұл лагерьлер оккупацияланған аумақтарда, Ресейде, Беларусьта және Солтүстік Кореяда орналасқан. Онда балаларды орыс тілінде әскери, патриоттық және идеологиялық бағдарламалар арқылы қайта тәрбиелейді, — деді құқық қорғаушы.
Сарапшы балаларды бір этникалық топтан екіншісіне күштеп беру — Рим статуты бойынша геноцид белгілерінің бірі екенін атап өтті.
Солтүстік Кореядағы «Сондовон» лагері
Оның айтуынша, Донецк облысының уақытша оккупацияланған аумағынан 12 жастағы Миша және аннексияланған Симферопольден 16 жастағы Лиза Солтүстік Кореядағы «Сондовон» лагеріне жөнелтілген.
Бұл лагерьде балаларға «жапон милитаристерін жоюды» үйретіп, 1968 жылы АҚШ-тың «Pueblo» әскери кемесіне шабуыл жасаған корей әскери ардагерлерімен кездесу ұйымдастырылған.
Халықаралық құқықтың бұзылуы
Ресей украиналық балаларды әкетуді «эвакуация» деп атайды. Алайда халықаралық гуманитарлық құқық мұндай эвакуацияны қатаң реттейді. Ресей:
отбасыны біріктіруге барлық жағдай жасауға;
эвакуацияланған балалардың тізімін Қызыл Крестке беруге;
балаларды ұстаудың себептерін жүйелі түрде қайта қарауға;
қажеттілік жоғалған сәтте оларды дереу қайтаруға міндетті.
Рашевскаяның айтуынша, Ресей бұл міндеттемелердің ешқайсысын орындамаған.