2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мобильді аударымдарды бақылаудың жаңа критерийі енгізіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Биыл 12 қарашада қабылданған Қаржы министрлігінің №698 бұйрығы күшіне енеді. Құжатта жеке тұлғалардың шоттарына түсетін операциялардың кәсіпкерлік кіріс белгісі болуы мүмкін деген жаңа шекті мәндер белгіленген.
НЕ ӨЗГЕРЕДІ
Бұрын тек бір талап бар еді:
— 3 ай қатарынан сізге 100 немесе одан да көп әртүрлі адам ақша жіберсе, бұл күмәнді операция деп саналатын.
Енді оған қосымша тағы бір шарт қосылды:
— осы үш айда түскен ақшаның жалпы сомасы сол жылдағы ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 12 есесінен көп болуы керек.
Яғни толық талап мынадай:
Үш ай қатарынан сіздің жеке шотыңызға 100+ түрлі адам ақша жібереді;
Сол үш айда түскен қаражаттың жалпы сомасы 12 ЕТЖ-дан асып кетеді.
Егер сіздің жеке, бизнеске арналмаған шотыңызға үш ай бойы көптеген адам ақша аударып, сомасы 12 ЕТЖ-дан асып кетсе — мұндай аударымдар кәсіпкерлік табысқа тән белгі ретінде қаралады.