Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Гүлден Хасенова тікелей эфирде жаңа ережелерді түсіндірді. Оның айтуынша, салық органдары ірі бір реттік аударымдарға немесе акциялар аясындағы кездейсоқ жиналымдарға назар аудармайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Мысалы, жүз әріптес сізге «Жасырын Санта» ойынын ұйымдастыру үшін бір миллион теңгеден артық қаржы аударса да, бұл Салық комитетінен хабарлама алуға себеп болмайды. Тіпті туысыңыз бес миллион теңге жіберсе де, бұл критерийге кірмейді. Бірақ егер ол соманы мемлекеттік қызметші аударса, онда оның кірісімен қатар шығыстары да тексеріледі.
АУДАРЫМДАР — БИЗНЕС ҮШІН ЕМЕС
Кірістер комитетінің сарапшысы тек белгілі бір операцияларға ғана бақылау жасалатынын атап өтті. Мысалы, банкомат арқылы картаны толықтыру салық қызметін қызықтырмайды, тек жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдар қаралады. Оның өзінде үш шарт орындалғанда ғана: көлемі, тұрақтылығы және саны.
Бейресми түрде саудамен айналысатын азаматтар есте сақтауы тиіс: мобильді аударымдар коммерциялық қызметке арналмаған. Мәселен, бала күтіміндегі ана бір-екі рет зат сатып, қайта сатса — бұл басқа жағдай. Ал егер ол үнемі сауда жасап отырса, онда ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Мұндай жағдайда мобильді аударымдарды қолдануға болмайды, төлем арнайы QR-код, банк картасы немесе бақылау-кассалық аппарат арқылы фискалды чектің негізінде жүргізілуі керек.
Хасенованың айтуынша, мобильді аударымдар бизнеске арналмаған. Кәсіпкерлерде төлем қабылдаудың басқа құралдары бар. Ол азаматтарды дүкенде сатушы телефон нөмірін көрсетіп, аударым жасауды талап етсе де, мұндай төлемге келіспеуге шақырды.
«Бизнеске арналған мобильді төлемдер бар, ал жеке тұлғаларға арналған мобильді аударымдар бар. Бұларды шатастыруға болмайды. Көп жағдайда адамдар дүкенге барғанда төлем үшін телефон нөмірі жазылып тұрады. Бұл дұрыс емес. Кәсіпкерлік мақсатқа арнайы QR-кодтар мен кассалық аппараттар қарастырылған. Ал мобильді аударымдар тек жеке тұлғаларға арналған. Кәсіпкерлер өз қызметі үшін мобильді аударым қабылдамауы тиіс», – деді Гүлден Хасенова.
БҰҒАН ДЕЙІН
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мобильді аударымдарды бақылаудың жаңа критерийі енгізіледі.