The Atlantic басылымының дерегіне сүйенсек, Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Украинаға Ресейдің «көлеңкелі флотына» халықаралық суларда соққы жасауға іс жүзінде рұқсат берген. Бұған қоса, АҚШ Украинаға Ресейдің энергетикалық нысандарына соққы беру үшін барлау деректерін де жеткізіп отырған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘКІМШІЛІКТІҢ САЯСАТЫ ӨЗГЕРДІ
Басылым атап өткендей, Джо Байден тұсында Вашингтон жағдайдың ушығуынан қауіптеніп, ресейлік кемелерге халықаралық суларда шабуыл жасауға қарсы болған. Ал республикашыл әкімшілік келгеннен кейін бұл ұстаным өзгерді.
The Atlantic дерегіне қарағанда, Трамп Ресейдің мұнай логистикасына соққы жасауға қарсы болмаған және кей жағдайларда Украинаға барлау деректерін беруді мақұлдаған. Бұл деректер Ресейдің мұнай инфрақұрылымына соққы жасау үшін пайдаланылған.
УКРАИНАНЫҢ ШАБУЫЛДАРЫ ЖӘНЕ РЕСЕЙДІҢ ЖАУАБЫ
Соңғы апталарда Украина АҚШ-тың бейбіт келіссөздерді жеделдету жөніндегі қысымына қарамастан, Ресей мұнайын тасымалдаған «көлеңкелі флоттың» бес танкерін жарып жіберді. Бұл шабуылдарға жауапкершілікті Украина Қауіпсіздік қызметі өз мойнына алды. Ал Мәскеу мұны «қарақшылық» деп атап, украин тауарларын тасымалдаған кемелерге қарсы жауап соққыларымен қорқытты.
НАРЫҚТАҒЫ ТӘУЕКЕЛДЕР ЖӘНЕ АҚШ ПОЗИЦИЯСЫ
Мұнай логистикасы төңірегіндегі қақтығыс кемелерді сақтандыру бағасының өсуіне алып келді. The Atlantic атап өткендей, Трамптың «бейбіт шешімге ұмтылу» туралы жария мәлімдемелеріне қарамастан, оның әкімшілігі Киевтің Ресейдің мұнай секторына зиян келтіру әрекетін қолдады. Қазан айында Вашингтон «Роснефть» пен «Лукойл» компанияларына санкция енгізіп, Ресейдің бір бөлігін экспорттан айырды және әлемдік нарықтағы ресейлік мұнайдың бағасын төмендетті.
The Atlantic дерегіне сәйкес, АҚШ мұндай соққылардың жаһандық энергетикалық нарыққа қауіп төндіретінін мойындайды, бірақ оларды Владимир Путинге қысым жасаудың құралы деп санайды. Вашингтон Ресейдің мұнай логистикасының әлсіреуі Кремльді бейбіт келіссөздерге белсендірек қадам жасауға мәжбүр етеді деп есептейді.