A.Z лақап атымен белгілі әнші, рэп орындаушы Азамат Зенкаев қазақ тіліне қатысты ой-пікірін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Әртіс таза қазақша сөйлемейтінін атап өтті.
- Арасында орысша сөздер кетіп қалады. Дегенмен қазақ тіліндегі музыка көп болуы керек деп ойлаймын. Менің арманым қазақ тілді музыка әлемге әйгілі болса. Tiktok, Youtube арқылы болсын. Таза қазақша сөйлегім келеді. Бірақ маған солай сіңіп қалған. Өзім мектепті қазақша оқып, оқуды орысша оқығанмын, – дейді әнші Zamandas подкастында.
Азамат Зенкаев таза қазақша сөйлеу үшін “ойланып” сөйлеу керегін айтты.
- “Короче, уже” деген сияқты сөздерден құтылғым келіп жүр. Таза қазақша қалай сөйлеуге болады? Мимен ойланып сөйлеу керек екен. Маған Қытайдағы қандастардың сөйлегені қатты ұнайды. Сол жерге барып, тілім нашарлап кеткенін түсіндім, – дейді Азамат.
Ол қазақ тілі өте бай тіл екенін айтады.
- Өзіміздің қ, ғ, ұ, ө деген секілді төл әріптеріміз бар. Көп ұлттарда жоқ. Қазақ тілі бай. Бір сөз бірнеше мағына береді. Біз күнделікті қолданбайтын, ұмыт қалған сөздер бар. Сол сөздерді қолданғым келеді. Кейінгі ұрпақ сол сөздерді пайдаланып, таза, мәдени сөйлегені керемет емес пе? Қазақ тілінің эволюциясы керемет болады деп ойлаймын. Бізде мүмкіндіктер бар. Қанымыз таза халықпыз. Өзімізді тауып, ашылар болсақ, қазақ тілі әлемге әйгілі болады деп ойлаймын, – дейді әнші.
Азамат орыстілді аудиторияға жұмыс істемеймін дейді.
- Бірақ орысша және қазақша сөзді араластырған сөздер хит болып жатады. Себебі ТМД тыңдайды, таза қазақша айтсаң, тек қазақтар тыңдайды. Әр қазақтың қазақша тыңдағанын қалар едім, – дейді әнші.
Оның сөзінше, шоу бизнестің қазақ тілді және орыс тілді деп бөлінуі туралы ойын айтты.
- Демек солай болуы керек болған. Маған олай болғаны ұнамайды. Бірақ әркім өзіне керегін алады ғой, – дейді Азамат.
ӘНШІ ТУРАЛЫ
Айта кетейік, Азамат Зенкаев (A.Z.) танымал Ninety One тобының бұрынғы мүшесі. Ол 2020 жылы топтан шығып кеткен. Азамат рэп орындаушы, мәтін авторы. Топтан кеткен соң жеке орындаушы ретінде жұмыс істей бастады.