Саясаттанушы Қазақстанның Ресейге тәуелділігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Мемлекеттің тәуелсіздігі оның ішкі және сыртқы саясатын қаншалықты еркін жүзеге асыра алатынымен өлшенеді. Яғни, елдің мұндай еркіндігі азайған сайын, оның өзге мемлекеттерге тәуелділігі арта түседі. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, әдетте саяси әрі экономикалық тұрғыда әлсіз мемлекеттер тәуелді болады. Әсіресе, айналасын өзінен әлдеқайда қуатты ойыншылар қоршаған елдер осындай жағдайда қалады.
— Егер Қазақстанға осы тұрғыдан қарасақ, біз қатты тәуелді болып отырған бағыттар аз емес. Мәселен, электр энергиясын сатып алу жағынан Ресейге айтарлықтай тәуелдіміз. Биыл жазда ең үлкен көлемдегі электр энергиясын Ресейден сатып алдық. Оның үстіне, оны өте қымбат бағада аламыз, әсіресе кешкі мезгілдегі шекті жүктеме кезінде. Айтпақшы, атом электр стансасын салу мәселесі де белгілі бір деңгейде электр энергиясы тапшылығымен негізделіп жүр, — деді ол Airan арнасының эфирінде.