×
514.31
603.03
6.4
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
514.31
603.03
6.4

Риддердің бұрынғы әкімі 7 жылға сотталды

Бүгін, 15:28
Риддердің бұрынғы әкімі 7 жылға сотталды
gov.kz

Риддер қаласының бұрынғы әкімі Дәулет Батырбаевқа қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Ол ірі көлемде қаржы жымқырды және қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастырды деп айыпталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сот қандай шешім шығарды

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Өскемен қаласының соты Батырбаевқа, сондай-ақ оның сыбайластары Халитов пен Папышевке қатысты істі түпкілікті қараған.

— Батырбаев, Халитов және Папышев 7 жылға бас бостандығынан айырылды, азаматтық талап толық қанағаттандырылды. Сондай-ақ қылмыстық табысқа сатып алынған мүлік — тұрғын үйі бар жер телімі мен автокөтергіш тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді, — деп хабарлады ведомство.

Батырбаев не үшін сотталды

Қылмыстық іс қозғалған сәтте Дәулет Батырбаев «ШҚО мемлекеттік-жекешелік әріптестік өңірлік орталығы» АҚ-ны басқарған. Ол бюджет қаражатын жымқыру, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру және заңсыз кәсіпкерлік баптары бойынша айыпталды.

Тергеу дерегіне сәйкес, іс фигуранттары Өскемен мен Семей қалаларындағы көшелерді жарықтандыруды жаңғырту жобасы аясында атқарылған жұмыстар мен жабдықтардың құнын 320 млн теңгеге негізсіз қымбаттатқан. 2019 жылдан бері бұл қалаларда мемлекеттік бағдарлама бойынша ескі шамдар заманауи жарықдиодты шамдарға ауыстырылып жатқан. Осы жобаны Батырбаев пен оның сыбайластары пайда табу көзіне айналдырған.

— Қылмыстық жолмен алынған табысты жасыру үшін ШҚО мемлекеттік-жекешелік әріптестік өңірлік орталығының бұрынғы басшысы сенімді тұлғаның атына ЖШС тіркеп, оны жалған келісімшарттар арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру мақсатында қосалқы мердігер ретінде пайдаланған, — деп түсіндірді ҚМА.

Дәулет Батырбаев туралы

Дәулет Батырбаев Семей қаласының тумасы. Мемлекеттік қызметке 2009 жылы келген. Алғашында Өскемен қаласының кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінде бас маман болып жұмыс істеген. Кейін Шығыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды.

2023 жылдың тамызында Батырбаев мансабындағы ең жоғары қызмет — Риддер қаласының әкімі болып тағайындалды. Алайда бұл лауазымда бар-жоғы сегіз ай ғана отырды. 2024 жылдың сәуір айының соңында ол отбасылық жағдайын алға тартып, қызметінен кеткен. Кейін өңірлік мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығын басқарды және дәл осы қызметте жүріп заңсыз әрекеттері әшкереленді.

Серіктес жаңалықтары