×
514.31
603.03
6.4
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
514.31
603.03
6.4

«Кісендеулі күйде жасалған ота және босанған әйелдер»: түрмеде өлім неге көбейді?

Бүгін, 15:49
«Кісендеулі күйде жасалған ота және босанған әйелдер»: түрмеде  өлім неге көбейді?
ulysmedia.kz коллажы

Тергеу изоляторлары мен түрмеде өлім көбейді. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдап, қылмыстық атқару жүйесінде адамгершілікке жат әрекеттердің болып жатқанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Ulysmedia.

«Бірде-бір судья немесе прокурор жауапқа тартылған жоқ»

Депутат Абзал Құспан өзінің депутаттық сауалында бірнеше мысал келтірді. Оның сөзінше, тергеу изоляторлары мен колонияларда болып жатқан адам өлімдері кездейсоқтық емес, жүйенің олқылығы.

Абзал Құспанның сөзінше, биыл тамыз бен қазан айларында Шымкент, Тараз және Өскемен қалаларында апелляциялық сотты немесе мерзімінен бұрын босату шағымының қорытындысын күткен үш бірдей адам аурудан көз жұмған.

«Бұл оқиғалар жай сәйкестік емес. Бұл адамдар сотқа, апелляцияға немесе үкімге дейін жете алмай көз жұматын жүйенің салдары.Тергеудегі азаматтар мен олардың қорғаушылары денсаулығына байланысты бірнеше рет өтініш беріп, медициналық анықтамалар ұсынған. Алайда сот оларды қамаудан босатудан бас тартты. Прокуратура үнсіз қалды. Осы жағдайлар бойынша бірде-бір судья немесе прокурор жауапкершілікке тартылған жоқ», – деді депутат сауалында.

«Кісендеулі күйде жасалған ота және босанған әйелдер»

Бұдан өзге Абзал Құспан тергеу изоляторы мен түрмедегі өлімге байланысты статистиканы да мысалға келтірді. Ол бойынша жылына жүзден астам адам қамауда көз жұмады.

Ресми статистика:

  • 2022 жылы — 133 өлім (оның 96-сы аурудан)
  • 2023 жылы — 119 (95-і аурудан)
  • 2024 жылы — 148 (114-і аурудан)
  • 2025 жылдың 11 айында — 124 өлім (105-і аурудан)

«Бұл көрсеткіштер табиғи себеп емес. Бұл — медициналық бақылаудың әлсіздігі, прокурорлық қадағалаудың жеткіліксіздігі және сот жауапкершілігінің формалдығы. Соңғы 10 жылда шартты түрде мерзімінен бұрын босату, соның ішінде денсаулық жағдайына байланысты босату үш есе қысқарды. Судьялар жауапкершіліктен қорқып, ең «қауіпсіз» шешімді — бас тартуды таңдайды. Бірақ бұл таңдаудың құны — адам өмірі», – деді Абзал Құспан.

Сонымен қатар депутат, медициналық көмек көрсету тәртібіндегі заңсыздықтарды да сынға алынды.

«Қамаудағы азаматтар ота жасау кезінде кісенде болады. Әйелдер қолы кісендеулі күйінде босанып жатыр. Бұл расталған, жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе. Заңда мұндай норма жоқ. Наркоз кезінде, операциядан кейін, босану кезінде кісен салу Конституция мен халықаралық құқық талаптарына қайшы. Бұл — адам құқықтарын қорлау, азаптаудың белгісі», – деді ол.

Контекст

Қазақстанда тергеу изоляторы мен түрмелерде азаптау бары бұрыннан айтылады. Ол әсіресе 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде көп айтылды. Сол уақытта ұсталған азаматтар құзырлы орган қызметкерлері тарапынан соққыға жығылып, азапталғанын айтып, шағымданған. Бірақ ол істердің көбісі «дәлел жоқ» деген желеумен тоқтатылған. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 6 адам тергеу изоляторында азаптаудан қаза болған.

 

Серіктес жаңалықтары