Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесіне мүше болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Директорлар кеңесіндегі жаңа мүше
Қазіргі таңда жаңа директордың тағайындалғаны жөнінде KASE сайтында да, «Самұрық-Қазына» қорының ресми Telegram-арнасында да ресми хабарлама жарияланған жоқ. Алайда қордың ресми сайтында Ерболат Досаев директорлар кеңесінің мүшесі ретінде көрсетілген.

Енді экс-әкім ұлттық әл-ауқат қорын басқаруға премьер-министр Олжас Бектенов, қор басқармасының төрағасы Нұрлан Жақыпов, тәуелсіз директор Болат Жәмішев, сондай-ақ шетелдік үш директор – Вонг Хэн Файн, Лука Сутера және Мохаммед Джамиль Аль-Рамахимен бірге қатысады. Сонымен қатар, директорлар кеңесіне құқықтық мәртебесі нақты айқындалмаған SKAI атты нейрожүйелік «директор» да кеңесші ретінде енгізілген.
Ресми растау
Қор кейінірек Досаевтың директорлар кеңесінің мүшесі болып 20 желтоқсандағы Үкімет қаулысына сәйкес сайланғанын ресми түрде растады. Қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесі 8 мүшеден тұрады, олардың төртеуі – тәуелсіз директорлар.
Ерболат Досаевтың еңбек жолы
Ерболат Досаев 2025 жылғы 24 мамырға дейін Алматы қаласының әкімі қызметін атқарды. Сол жылдың қыркүйек айында ол Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалған. Ақпаратқа сәйкес, жаңа қызметінде ол экономика мен өңірлерді дамыту бағытына жетекшілік етуі тиіс болған.