Журналист Нәзия Жоямерген әлеуметтік желіде жазушылар мен ақындарға қатысты қоғамда жиі көтерілетін талаптарға сыни көзқарасын білдірді. Ол әдебиет өкілдеріне ерекше жағдай жасауды сұрайтын үндеулердің негізсіз екенін айтып, бұл көзқарас Кеңес дәуірінен қалған сарқыншақ екенін алға тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Автордың айтуынша, жазушылар мен ақындарды мемлекет тарапынан ерекше қолдауды талап ету — қисынсыз.
«“Жазушыларға үй салынсын”, “ақындарға баспана берілсін”, “тегін кітап шығарып берсін” деген талаптар жиі айтылады. Неге? Не үшін? Жазушы, ақынның басқа мамандықтардан қандай артықшылығы бар?!Кеңестер одағы кезінде ақын-жазушыларды компартияның тапсырысын орындайтын идеология құралы ретінде пайдаланған. Ал Тәуелсіз Қазақстанға не үшін керек олар?» — деп жазады ол.
Сондай-ақ ол ұлттық мүдде мен халықтың нақты мәселелері көтерілген сәттерде көптеген ақын-жазушылардың үнсіз қалатынын сынға алды. Мысал ретінде журналист Желтоқсан ардагері Мирболат Мырзатайұлының ісін келтіреді.
«Мирболат Мырзатайұлын “Қазақша сөйле депті” дегені үшін 4 жылға соттамақ. Адвокаты “заң белшеден басылды” деп шырылдап жүр. Ал қыңқ деген ақын-жазушылардан кім бар?Алматыдағы 224 мектеп таза қазақ мектебі болсын деп шырылдап жүрген ата-аналарға араша түскен қай жазушы мен ақынды білеміз?! Олардың оқырманы сол қазақтың қарадомалақтары ғой!» — деп жазады ол.
Журналист жазбасында кейбір ақын-жазушылардың жеке басының қамын ғана ойлайтынын, мемлекеттен үнемі жеңілдік күтетінін де жасырмай сынайды.
«Біздегі ақын-жазушылардың көпшілігі — эгоист: тірі кезінде кітабы шықсын, жағдайын үкімет жасасын, өлсе “Кеңсайға” жерлесін. Жазушы-ақындарда “бес бересі, алты аласым” жоқ. Жазсын, сатсын, пайда тапсын. Мемлекетке, халыққа масыл болмасын», — деп жазады ол.
Нәзия Жоямерген қазіргі қоғамда әлеуметтік жағдайдың ауыр екенін де еске салып, қарапайым мамандық иелерінің ешкімге міндет артпай, адал еңбегімен күнін көріп жүргенін атап өтті.