×
511
602.72
6.49
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
511
602.72
6.49

Сотталушыларды азаптады деп айыпталған түрме қызметкерлері тағы да ақталды

Бүгін, 09:48
Сотталушыларды азаптады деп айыпталған түрме қызметкерлері тағы да ақталды
Фото: Vlast.kz/Айсұлу Тойшыбекова

Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында алқабилердің қатысуымен қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 12 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Оларға азаптау бабы бойынша айып тағылған, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, алқабилер сотталушылардың кінәсіз деп таныған.

«Алқабилер істі қарау қорытындысы бойынша сотталушылардың кінәсіздігі туралы шешім шығарды. Қылмыс оқиғасының болмауы және сотталушылардың кінәсіздігі туралы шешім кеңесу бөлмесінде дауыс беру арқылы қабылданды.Дауыс беруге 10 алқаби және 1 судья қатысып, әрқайсысы бір дауыстан ие. Дауыс беру кезінде артықшылық қарастырылмаған», – делінген сот таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ, ақталғандарға реабилитация құқығы берілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Контекст

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 12 қызметкеріне Атбасар қаласындағы мекемеде жазасын өтеп жатқан адамдарды азаптады (Қылмыстық кодексінің 146-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы) деген айып тағылған.

2023 жылы әлеуметтік желіде түрмеде азапталған адамның видеосы тараған. Кейіннен оның құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған Тимур Дәнебаев екені белгілі болған.

Биылғы жылдың ақпан айында Атбасар колониясының бұрынғы 12 қызметкерін алқабилер соты ақтаған. Ақмола облыстық прокуратурасы үкімімен келіспеген және оған қарсылық білдірген. Сәуір айында Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен үкім жойылып, іс қайтадан сот қарауына жіберілгені хабарланған.

Серіктес жаңалықтары