Қазақстанда бір жыл ішінде Украина аумағында Ресей әскері сапында соғысқандарға қатысты 700 қылмыстық іс қозғалған. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Мұндай деректі «Прощай, оружие» жобасымен бірлесіп есеп жүргізген «Медиазона» басылымы жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Қазақстан соттары жеке әскери компания «Вагнер» құрамында болған азаматтарға да, Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқандарға да бірдей үкім шығарған. Қазақстан қылмыстық кодексіне сәйкес, олар шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысып, қылмыстық ниетін жүзеге асырған деп танылады.
Бұған дейін елде мұндай істер жылына ондаған ғана болатын. Алайда «Медиазонаның» жазуынша, 2025 жылы украиналық «Хочу жить» жобасының мәліметтері жарияланғаннан кейін қылмыстық істер саны күрт артқан.
Қазақстан билігі әзірге аталған деректерге ресми түсініктеме берген жоқ.
«Медиазона» мен BBC-дің орыс қызметінің хабарлауынша, Украинадағы соғыста Қазақстанның кемінде 200 азаматы қаза тапқан.
Журналистердің пайымдауынша, Ресей әскері соғысқа адам тартуда көбіне постсоветтік елдердің азаматтарына сүйенеді. Бұған тілдік кедергінің аздығы, көршілес мемлекеттерде орыс тілді халықтың көп болуы, сондай-ақ Ресей аумағындағы мигранттар санының молдығы әсер еткен.
Контекст
Қазақстан билігі ресми түрде Ресейдің Украинаға қарсы соғысына бейтарап ұстанымда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте тараптарды келіссөздерге шақырып, араағайындық миссия атқаруға дайын екенін мәлімдеген.
2022 жылдың қарашасында Ресей президенті Владимир Путин шетел азаматтарына Ресей армиясы қатарына қабылдануға мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойған. Бұған дейін әскерге тек Ресей азаматтары ғана алынатын, ал шетелдіктер тек келісімшарт негізінде қызмет ете алатын.
2023 жылдың көктемінде Путин соғыс уақытында Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқан шетел азаматтарына жеңілдетілген тәртіппен Ресей азаматтығын алу мүмкіндігін қарастыратын тағы бір жарлық шығарған.