Ұлттық қауіпсіздік комитеті жасанды интелект және цифрлық даму министрлігінің кейбір өкілеттіктерін өзіне алды. Атап айтқанда, бұл өзгерістер банк секторына, байланыс саласына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, денсаулық сақтау жүйесіне және электронды үкіметтің жұмысына қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жасанды интелект және цифрлық даму министрлігінің бірқатар өкілеттігін беру туралы жарлыққа қол қойды.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігі бөлігінде ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері берілсін», – делінген Ақорда сайты жариялаған жарлықта.
Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енеді. Тиісті органдар қажетті заңнамалық түзетулер енгізуі тиіс.
Контекст
Биыл маусымда интернет технология, киберқауіпсіздік саласы туралы жазатын securixy_kz telegram-арнасы әлеуметтік желіде 16,3 млн жолға сиятын адамның аты-жөні, туған жылы, жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері, ұлты, жынысы, азаматтығы, жұмыс орны, телефон нөміріне дейін көрсетілген жеке деректер тарап кеткенін хабарлаған.
Кейіннен цифрлық даму, иновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттік дерекқор бұзылмағанын, жарияланып кеткен деректер бұрын қолды болған болуы мүмкін екенін айтқан.