Қазақстанда бірнеше жыл бойы талқыланған SP Clinic стоматологиялық клиникасын рейдерлік жолмен басып алу туралы даулы іс жабылды. Мүлікті жымқыру дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс тек тоқтатылып қоймай, оның материалдары жоғалып кеткені белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Бұл туралы кәсіпкер, тіс дәрігері Жеміс Айдарбекова мен оның адвокаттары мәлімдеді. Олардың айтуынша, рейдерлік әрекет бойынша сот үкімі шыққанына қарамастан, компания мүлкін көп мөлшерде жымқыру ісі соңына дейін тергелмеген.
Оқиға отбасылық жанжалдан басталған. 2007 жылы Жеміс Айдарбекова жұбайы Руслан Гаджиевпен бірге SP Clinic стоматологиялық клиникасын ашқан. Шамамен 20 жыл ішінде бұл кәсіп Алматы мен Атырауда табысты медициналық орталықтар желісіне айналған. Айдарбекова – негізін қалаушы әрі басшы, ал Гаджиев дәрігер болып, клиенттермен жұмыс істеген.
НЕ БОЛДЫ?
Айдарбекованың сөзінше, отбасындағы келіспеушілік пен ажырасу туралы шешімнен кейін, мәселе бизнеспен ғана шектелмей, оның еркіндігін, беделін және балаларын қорғау мәселесіне ұласқан. Ол бұрынғы күйеуі өзін әуелі Қазақстанда, кейін Мәскеуде психиатриялық клиникаға мәжбүрлі түрде жатқызғанын айтты.
Адвокаттардың анықтауынша, бұған Гаджиевтің өзі рәсімдеп, ақысын төлеген шарт және оның мәжбүрлеп жатқызу туралы жазбаша өтініші негіз болған. Осыдан кейін, қорғау тарапының нұсқасы бойынша, Айдарбекова компанияны басқарудан іс жүзінде шеттетілген. Оның бизнестегі үлесі қайта рәсімделіп, мүлік сыртқа шығарыла бастаған, ал кейін клиника шаруашылық субъект ретінде жұмысын тоқтатқан.
2024 жылы сот Руслан Гаджиевті SP Clinic ЖШС-дегі үлесті рейдерлік жолмен басып алғаны үшін кінәлі деп таныды. Алайда бұл уақытқа дейін компания құрдымға кеткен: Алматының беделді аудандарындағы коммерциялық ғимараттар сатылған, қымбат медициналық жабдықтар өткізілген, бухгалтерлік құжаттар жойылған, ал қаражат жалған қарыздар мен мәмілелер арқылы шығарылған.
Адвокаттардың мәліметінше, келтірілген шығын 200-230 миллион теңгеден асады. Рейдерлік іс бойынша жәбірленуші ретінде Айдарбекова құрылтайшы ретінде танылған, ал мүлікті жымқыру ісінде жәбірленуші тараптың өзі – SP Clinic ЖШС болуға тиіс еді. Дәл осы іс, қорғаушылардың айтуынша, іс жүзінде "жабулы күйде қалған".
Адвокаттардың айтуына қарағанда, бір жылға созылған тергеу кезінде тек рейдерлік дерек бойынша бірнеше ғана жауап алынған. Тінтулер де, бухгалтерлік құжаттарды алу да, толыққанды қаржылық-аудиторлық сараптама да жасалмаған. Бұдан бөлек, архив материалдарымен танысу кезінде жеке сот орындаушысының әрекеттеріне қатысты қылмыстық істің бір томы мүлде жоқ екені анықталған.
ІС ТОҚТАТЫЛДЫ
Көп шағымға қарамастан, мүлікті жымқыру дерегі бойынша іс тоқтатылған. Прокуратура бұл шешімді апелляциялық соттың жекеше қаулысын жоюымен түсіндіреді. Алайда қорғау тарапының айтуынша, апелляция қылмыс болмағанын емес, тек процессуалдық мәселелерді көрсеткен.
Жеміс Айдарбекованың өзі бизнестегі үлесінің формалды түрде қалпына келтірілуінің мәні жоқ екенін айтып отыр. Оның сөзінше, өзіне мүлкі де, ісі де қалмаған компаниядағы 50 пайыз үлес қайтарылған.
Адвокаттардың пікірінше, мүлікті жымқыру фактісі аса ірі көлемдегі сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және ысырап ету бабы бойынша жеке тергелуге тиіс еді. Алайда бұл да жүзеге аспаған. Іс жабылып, материалдар жоғалған.
Жеміс Айдарбекованың Ulysmedia-ға берген сұхбатын YouTube-арнамыздан көруге болады.