Денсаулық сақтау министрлігі балаларда ауру тудырады деген «зиянды әрі арзан вакциналар» туралы мәлімдемелерді жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ведомство әлеуметтік желілерде кеңінен тарап жатқан бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бұған себеп — бір сұхбатта вакциналардың қауіпсіз емес екені туралы айтылған пікірлер. Денсаулық сақтау министрлігінде мұндай мәлімдемелердің ғылыми негізі жоқ екенін және ата-аналарды жаңылыстыратынын атап өтті. Сондай-ақ министрлік Қазақстанда Ұлттық екпе күнтізбесі аясында қолданылатын барлық вакциналар қатаң тексеруден өтетінін еске салды. Олар халықаралық және ұлттық сараптамадан кейін ғана пайдалануға жіберіледі, ДДСҰ талаптарына және қолданыстағы заңнамаға толық сәйкес келеді.
Министрліктің мәліметінше, вакциналар төмен баға қағидаты бойынша емес, сапа, қауіпсіздік және тиімділік көрсеткіштері негізінде сатып алынады. Клиникалық зерттеулердің нәтижелері, өндірістің халықаралық стандарттарға сәйкестігі және қолданғаннан кейінгі жағымсыз реакциялар туралы деректер ескеріледі. Сонымен қатар, Қазақстанда вакциналардың жағымсыз әсерлерін бақылау жүйесі жұмыс істейді. Әрбір жағдай мұқият талданады, ал қандай да бір қауіп анықталған жағдайда шаралар жедел түрде қабылданады.