×
512.83
600.58
6.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.83
600.58
6.36

Қазақстан Венесуэладағы жағдайға қатысты неге үн қатпады?

05.01.2026, 17:14
Қазақстан Венесуэладағы жағдайға қатысты неге үн қатпады?
Ашық дереккөзден

Орталық Азия елдері АҚШ-тың Венесуэлада жүргізген арнайы операциясына ресми түрде үн қатқан жоқ. Бұл ұстаным аймақ елдерінің, соның ішінде Қазақстанның, АҚШ-пен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенімен байланысты болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Басқа жарты шардағы оқиға

The Times of Central Asia жазуынша, Орталық Азия мемлекеттерінің билігі, оның ішінде Қазақстан да, Венесуэладағы жағдайға қатысты ашық мәлімдеме жасаған жоқ. Ол елде америкалық әскерилер президент Николас Мадуроны ұстау бойынша арнайы операция жүргізген.

Бұл ретте Қазақстанның маңызды сауда серіктестері саналатын Ресей мен Қытай АҚШ әрекетін сынға алды. Ал Астана нақты баға беруден бас тартты. Негізгі себеп – Қазақстан мен Венесуэла арасында елеулі ортақ мүдделердің жоқтығы.

- Орталық Азия елдері Венесуэладан 10 мың шақырымнан астам қашықта орналасқан. Бұл елдер арасындағы сауда айналымы мардымсыз. Сондықтан Венесуэладағы тұрақсыз әрі жылдам өзгеріп жатқан жағдай олардың тікелей мүдделер аясынан тыс, – деп жазады басылым.

Тоқаев пен Мадуро 

Соған қарамастан, Қазақстан мен Венесуэла басшылары арасында белгілі бір деңгейде байланыс болған. 2025 жылғы 8 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Николас Мадуро Мәскеуде Жеңіс парадына қатысу кезінде кездескен.

Сол кезде Тоқаев Венесуэланы «маңызды серіктес» ретінде қарастыратынын айтқанымен, бұл әріптестік нақты емес, әлеуеттік сипатта екенін де атап өткен.

- Объективті себептерге байланысты бүгінге дейін екіжақты ынтымақтастықта айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген жоқ, – деп хабарлаған еді сол кезде Ақорда.

Тоқаев Мадуроны Қазақстанға шақырып, сауда-экономикалық байланыстарды талқылауды да ұсынған. Алайда іс жүзінде тараптар тек ықтимал экспорттық өнімдер тізімін алмасумен шектелген. Қазіргі жағдайда Мадуроның Астанаға сапармен келуі екіталай: ол енді АҚШ-та Дональд Трамп әкімшілігінің мәжбүрлі «қонақжайлығына» тап болуы мүмкін.

Реакция білдіруге себеп болмады

Егер АҚШ операциясы әлемдік мұнай бағасына айтарлықтай әсер еткенде, Орталық Азия елдерінен белгілі бір реакция күтуге болар еді. Алайда әзірге мұндай ықпал байқалған жоқ.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Орталық Азияның өзге де лидерлері жалпы деңгейде Біріккен Ұлттар Ұйымы ұстанатын егемендік қағидаттарына адал екенін бірнеше рет білдірген. Венесуэладағы операциядан кейін бұл мәселе халықаралық деңгейде қызу талқыланды.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, 2024–2025 жылдары Орталық Азияға жасаған сапарлары барысында, Мадуроны ұстау және оны Нью-Йоркке жеткізу операциясын «қауіпті прецедент» деп атап, халықаралық құқық нормаларының сақталмауына алаңдаушылық білдірген.

АҚШ-пен қарым-қатынас басым

Ресей мен Қытай Мадуро режимімен белгілі бір байланыста болғандықтан, Ақ үйді ашық сынға алды. Ал Қазақстан мен Орталық Азияның басқа мемлекеттері бұл мәлімдемелерге қосылған жоқ. Бұл – АҚШ-пен жақсы қарым-қатынасты сақтауға деген ұмтылыстың көрінісі.

Мұны Тоқаевтың жуырдағы Вашингтонға сапары және Қазақстан мен Өзбекстан басшыларының алдағы G20 саммитіне шақырылуы да растайды. Сондықтан егер Сыртқы істер министрлігінен қандай да бір пікір айтылса, ол аса сақ әрі негізгі стратегиялық серіктестердің мүддесіне нұқсан келтірмейтін форматта болуы ықтимал.

Серіктес жаңалықтары