×
512.83
600.58
6.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.83
600.58
6.36

Макронның әйелін «трансгендер» деген 10 адам сотталды

06.01.2026, 08:08
Макронның әйелін «трансгендер» деген 10 адам сотталды
Getty İmages

Францияда сот елдің бірінші ханымы Брижит Макронды қудалауға қатысы бар 10 адамды кінәлі деп таныды. Олар интернетте Макронның әйелі ер адам болып туған деген жалған ақпарат таратқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz BBC-ге сілтеме жасап.

МӘН-ЖАЙ

Шешімді Париж соты шығарды. Сотталғандардың қатарында жасы 41 мен 65 аралығындағы сегіз ер адам және екі әйел бар. Олардың көпшілігі 8 айға дейін шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Айыпталушылардың бірі сот отырысына келмегені үшін қамауға алынды. Сот айыпталушылардың әрекеті әдейі жасалғанын және зиян келтіруді мақсат еткенін анықтады. Олар Брижит Макронның жынысы мен жыныстық бағдарына қатысты кемсітетін, қорлайтын материалдар жариялап, сондай-ақ оның Франция президенті Эмманюэль Макронмен жас айырмашылығын келемеждеген.

СОТТАЛҒАНДАР

Сотталғандардың арасында шенеунік, галерея иесі, мектеп мұғалімі және «Амандин Руа» деген бүркеншік атпен танылған интернет-балгер бар. Ол бұған дейін өзін тәуелсіз журналист ретінде таныстырған әйелмен бірге бірінші ханымға жала жапқаны үшін жауапқа тартылған. 2021 жылы олар Брижит Макрон мүлде болмаған, ал оның бейнесін «жынысын ауыстырған» туысы сомдаған деген мазмұндағы видео жариялаған. Кейін бұл эпизодтар бойынша шыққан алғашқы үкімдер жойылғанымен, сот талқылаулары әлі де жалғасып жатыр. Франциядағы бұл жолғы сот шешімі АҚШ-та өтуі мүмкін ірі процестің алдында қабылданды. Макрондар жұбы бірінші ханымның гендерлік болмысына қатысты қастандық теорияларын таратты деп, америкалық инфлюенсер Кэндис Оуэнске қарсы жала жабу туралы талап-арыз түсірген. Талапта оның шынайы деректерді елемей, әдейі белгілі жалақорларға мінбер бергені көрсетілген.

КОНТЕКСТ

Брижит Макронды «трансгендер әйел» деп көрсетуге бағытталған қауесеттер 2017 жылы, оның жұбайы президент болып сайланғаннан кейін тарай бастады. Ешқандай дәлел болмаса да, бұл мәлімдемелер радикалды интернет қауымдастықтарында әлі күнге дейін тарап жүр. Брижит Макрон болашақ жұбайымен өзі сабақ берген мектепте танысқан. Ерлі-зайыпты 2007 жылы некеге тұрған. Ол кезде Эмманюэль Макрон 29 жаста, ал Брижит Макрон 50-ден асқан еді.

Серіктес жаңалықтары