Ресейдің Газпром компаниясы Қазақстанға жеткізілетін газ көлемін екі еседен астам арттыруды жоспарлап отыр. Алайда бұл ниеттің жүзеге асуына газ құбырының өткізу қабілетінің шектеулілігі мен ішкі нарықтағы төмен баға кедергі келтіруі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Газпромның» жоспары
Мұнай-газ саласының сарапшысы Олег Червинскийдің айтуынша, «Газпром» 2030 жылға қарай Қазақстанға газ жеткізуді қазіргі деңгейден екі еседен көп ұлғайтуды көздеп отыр. Қазір Ресей компаниясы Қазақстанға жылына шамамен 3 млрд текше метр газ экспорттайды. Ал алдағы бес жылда бұл көлем 6–7 млрд текше метрге дейін өсуі тиіс.
Сарапшының пікірінше, осылайша Ресей компаниясы Қазақстанды қоса алғанда, Орталық Азия елдеріне газ экспортын арттыру арқылы Еуропа нарығынан айырылған көлемнің орнын толтырмақ.
Кедергілер
Алайда бұл жоспарларға бірқатар фактор кедергі болуы мүмкін.
— Бұл бағыттағы ең үлкен «тар өткел» — Орталық Азия – Орталық газ құбырының өткізу қабілеті. Құбырды қайта жаңғырту қажет болады. Оның үстіне бір ғана құбыр үшін үш тұтынушы өзара бәсекеге түседі, — дейді Олег Червинский.
Сарапшы екінші маңызды мәселе — Қазақстандағы газдың ішкі бағасының төмендігі екенін атап өтті. Газ әлеуметтік маңызы бар тауар ретінде ұзақ уақыт бойы өзіндік құны мен тасымалдау шығынынан да арзан бағамен сатылып келді.
Қазір елде газ бағасы біртіндеп өсіріліп жатыр: 2025 жылдың шілдесінен бастап алдағы үш жыл бойы жыл сайын шамамен 30 пайызға қымбаттату жоспарланған.
Контекст
«Газпромның» 2030 жылға дейін Орталық Азияға газ экспортын күрт арттыруды көздеп отырғаны 2025 жылғы желтоқсанның соңында белгілі болған. Ресей компаниясы ең алдымен Өзбекстанға газ жеткізуді айтарлықтай көбейтпек. Ал жоспарланған көлем бойынша Қазақстан екінші орында тұр.