Қазақстан армиясында тағы бір оқиға тіркелді: Жамбыл облысындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаз өзіне өзі ауыр жарақат салуға әрекет жасаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Өміріне қауіп жоқ»
Оқиға туралы ақпаратты журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында жариялаған. Оның жазуынша, сарбаз тікелей басшысының ескертуінен кейін балтамен саусақтарын шаппақ болған.
Алайда Қазақстан Республикасының Құрлық әскерлері бұл дерекке қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, 6 қаңтар күні мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер сол қолының саусақтарын металл затпен жарақаттаған. Оқиға Гвардейск гарнизоны аумағындағы әскери бөлімде, казарма алдында таңғы тексеріс кезінде болған.
— Зардап шеккен әскери қызметші дереу әскери госпитальға жеткізіліп, уақтылы медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты, өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында, — деп мәлімдеді Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі.
Қақтығыс болды ма?
Құрлық әскерлері бұл оқиғаның әскери қызметпен немесе командирлердің әрекетімен байланысты екені жөніндегі нұсқаны жоққа шығарды. Ресми мәліметке сәйкес, сарбаздың айтуынша, бұл әрекет жеке себептерге байланысты жасалған.
— Зардап шеккен әскери қызметшінің сөзінше, бұл оқиға әскери қызмет өткеруімен, командирлердің немесе әскери бөлімнің лауазымды тұлғаларының әрекеттерімен байланысты емес. Ал жарақат басшысының ескертуінен кейін болды деген ақпарат шындыққа жанаспайды, — делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайын аймақтық әскери-тергеу басқармасы анықтап жатыр. Сонымен қатар Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тапсырмасымен әскери бөлімге арнайы комиссия жіберілген.
Ведомство өкілдері тергеу аяқталғанға дейін алдын ала қорытынды жасамауға шақырды.