Ұлттық ұланның баспасөз қызметі Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде борышын өтеп жатқан мерзімді әскери қызметшінің қайтыс болуына қатысты ресми түсінік берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ұлттық ұланның мәліметінше, сскери қызметші әскери бөлімге 2025 жылғы 9 желтоқсанда келген.
– Ол алғаш рет медициналық көмекке 17 желтоқсанда жүгінді. Осы сәттен бастап оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп, талдаулар тағайындалып, тиісті тексерулер жүргізілді. Ол медициналық мамандардың тұрақты бақылауында болды. 29 желтоқсанда денсаулығының күрт нашарлауына байланысты оны ауруханаға жатқызу қажеттілігі туындап, Шымкент қаласындағы медициналық мекемелердің біріне жеткізілді. Өкінішке қарай, 2026 жылғы 6 қаңтарда барлық қабылданған шаралар мен көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, жүрек қызметінің тоқтауы тіркелді. Алдын ала диагноз – жедел лейкоз, – делінген хабарламада.
Аталған іс ерекше бақылауға алынған.
– Осы дерек бойынша әскери-тергеу департаменті қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта барлық қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы әскери прокуратураның бақылауында, – деді ведомство өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте сарбаздың қайтыс болуына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.