Ирандағы наразылық кезінде қаза тапқандар саны 2000-ға жеткен. Бұл туралы ирантанушы Жәнібек Көпжасар жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жәнібек Көпжасардың сөзінше, 216 адамның денесі туыстарына берілген.
- Кеше түнде әскер кіргізді деп айтып едім ғой. Тегераннан жеткен соңғы мәліметтер бойынша 216 адамның денесі туыстарына берілген. Олардың 9-ы жасы 18-ге толмаған жасөспірімдер. Тегерандағы мәйітханалар іші-сыртына дейін толып кеткен. Телеграм каналдар өлгендер саны 2000 адамнан асып кетті деп жатыр, – дейді ирантанушы.
Нәтижесінде, Мешхед, Тебриз бен Күрдістанда ереуілшілдер саны анағұрлым азайған.
- Бірақ, Тегеранда көбейген. Бейресми ақпарат бойынша кеше кешке бүкіл Ирандағы (жүзден аса елдімекен) ереуілшілдер саны 30 млн жуықтаған. Кеше түнде Тегеранда байланыстан бөлек электр энергиясы толық өшірілген, старлинк те істемей тұр. Оның үстіне полиция старлинктерді тартып алып жатыр, – дейді Көпжасар.

НАРАЗЫЛЫҚТАР
Иранда жаппай наразылықтар желтоқсан айының соңында ұлттық валютаның құнсыздануы мен айырбас бағамының күрт құбылуына байланысты басталды. Бұл жағдайдан кейін азық-түлік пен тұтыну тауарлары бағасы өсті.