Шымкентте студент қызды өлтірді деген күдікті ұсталды. Іздеу бірнеше күнге созылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қаладан тыс жерде қолға түсті
Күдіктіні іздеуге қалалық полиция департаментінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Қалаға кіретін және шығатын бағыттарда бақылау күшейтіліп, оның болуы мүмкін орындар тексерілді.
— Ер адам Шымкенттен шамамен 10 шақырым қашықтықтағы ашық аумақтан табылды. Ол уақытша ұстау изоляторына жеткізілді, — деп хабарлады полиция департаменті Ulysmedia.kz редакциясына.
Күдіктінің жасы – 28-де. Алдын ала мәлімет бойынша, ол қаза тапқан қызбен таныс болған. Қылмыстың себептері анықталып жатыр, қылмыстық іс қозғалды.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, қанды оқиға Шымкент көшелерінің бірінде болған. Ер адам қыз баланы артынан қуып жетіп, бірнеше жерінен пышақтаған. Студент қыз оқиға орнында жан тапсырған.