×
509.84
595.75
6.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
509.84
595.75
6.47

"Қазақмысты" сотқа берген жұмысшы жеңіп шықты

Бүгін, 11:12
"Қазақмысты" сотқа берген жұмысшы жеңіп шықты
Ашық дереккөзден

Өндірістегі жазатайым оқиғадан саусақтарынан айырылған «Қазақмыс» корпорациясының қызметкері жұмыс берушіні сотқа беріп, жеңіп шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Саусағынан айырылды ма? Өзі кінәлі ме?

Кассациялық соттың мәліметінше, 2023 жылдың сәуірінде «Қазақмыс» корпорациясының қызметкері ағаш өңдейтін станокта жұмыс істеп жатқан кезде өндірістік жарақат алған. Ер адам оң қолының бірнеше саусағынан айырылып, үшінші топтағы мүгедек атанып, еңбекке қабілеттілігін 35 пайызға жоғалтқан. Оқиғаны тексерген комиссия кінәнің бір бөлігін жәбірленушінің өзіне артқан. Кәсіпорын өкілдері жұмысшы «өрескел абайсыздық» танытты деп мәлімдеген.

Ер адам жұмыс берушіні сотқа бергенімен, төменгі сатыдағы соттар компанияның уәжін қолдаған. Тек кассациялық сотта ғана ол өз құқығын қорғай алды.

— Кассациялық сот өндірістегі жазатайым оқиғаларды тексеру кезінде басты жауапкершілік жұмыс берушінің қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету міндетіне жүктелетінін растады. Жауапкершілікті формалды түрде жұмысшыға артуға жол берілмейді, — деп атап өтті соттың баспасөз қызметі.

70 жыл болған станок пен әділетсіз айып

Кассациялық сотта «Қазақмыс» қызметкері 1951 жылы шығарылған, әбден ескірген әрі қауіпті станокта жұмыс істегені айтылды. Ер адамда басқа таңдау болмаған, оған қауіпсіздеу, жаңа жабдық ұсынылмаған. Сондықтан оны абайсыздық танытты деп айыптау әділетсіз: ескі құрал-жабдықта жұмыс істей отырып, ол қауіпті болдырмауға да, қауіпсіздік талаптарын толық сақтауға да мүмкіндік ала алмаған.

Сонымен қатар, сот қызметкердің бұл жабдықпен жұмыс істеуге рұқсаты болмағанын және демалыс күні жазбаша келісім бермегенін атап өтті. Алайда бұл жағдайлар жұмысшының өзіне кері құқықтық салдар туғызбауы тиіс.

— Мұндай бұзушылықтар жұмыс беруші тарапынан еңбек процесінің тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанын көрсетеді, — деді сот.

Төменгі соттардың шешімдері күшін жойды. Талап арыз қанағаттандырылып, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жазатайым оқиға үшін толық жауапты деп танылды. Енді компания жәбірленушіге өтемақы төлеуі тиіс.

Серіктес жаңалықтары