×
509.84
595.75
6.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
509.84
595.75
6.47

Мәсімов, Әбіш, Тұрғымбаев: экс-шенеуніктер жазасын қалай өтеп жатыр?

Бүгін, 12:34
Мәсімов, Әбіш, Тұрғымбаев: экс-шенеуніктер жазасын қалай өтеп жатыр?
Ulysmedia.kz коллажы

Кәрім Мәсімов, Самат Әбіш және Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты жабық соттардан кейін қоғам бұл бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктердің қайда және қандай жағдайда жазасын өтеп жатқанын әлі күнге дейін білмейді. Ulysmedia.kz редакциясы осыған байланысты ҚАЖК мен ҰҚК-ге ресми сауал жолдады.

Жеке істің құпиясы

Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті сұрақтарымызға қысқа ғана жауап берді:

— Сотталғандар сот үкіміне сәйкес жазасын өтеп жатыр.

Одан әрі стандартты тіркестер тізбегі басталды: жеке деректер, жеке істің құпиясы, жариялауға жатпайды, шағымдануға болады. Яғни, біз әдеттегі бюрократиялық жауап алдық. Алайда әңгіме жай ғана қылмыстық істердің қатардағы фигуранттары туралы емес. Кәрім Мәсімов – ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, екі мәрте премьер-министр, Нұрсұлтан Назарбаевтың ең жақын серіктерінің бірі, елдегі «екінші адам» аталған тұлға. Самат Әбіш – ҰҚК төрағасының экс-бірінші орынбасары және Тұңғыш президенттің жиені. Ерлан Тұрғымбаев – Қаңтар кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс болған Ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы.

Сот та жабық өтті, енді түрмеде де «жабық» па?

Үшеуі де 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін сотталды. Сот процестері жабық өтті, қоғам іс материалдарын да, сот барысын да көрмеді. Ulysmedia.kz сот базасын тексергенде Мәсімов, Әбіш және Тұрғымбаевтың істеріне ашық қолжетімділік жоқ екені анықталды. Соған қарамастан, олардың қандай жаза алғанын бәріміз білеміз:

Мәсімов – мемлекеттік опасыздық үшін 18 жылға сотталды;
Тұрғымбаев – билікті асыра пайдаланғаны үшін 5 жыл шартты жаза алды;
Әбіш – қызметтік өкілетін асыра пайдаланғаны үшін 8 жыл шартты жаза және пробациялық бақылау тағайындалды.

Әбіштің соты Қаңтардан кейін екі жыл өткен соң ғана болған. Оған дейін ол елден шықпау туралы қолхатпен жүрген. Тергеуді арнайы прокурор жүргізді, іс бойынша бірде-бір артық ақпарат БАҚ-қа тарамады.

— Мемлекеттік құпия, бәріне білуге болмайды, — деп жауап беретін билік өкілдері.

Алайда бұл істер Қаңтармен тікелей байланысты – бейбіт адамдар қаза тауып, қауіпсіздік жүйесі күйреген ұлттық трагедиямен. Сондықтан заңды сұрақ туындайды: егер соттар мен үкімдер жабық болса, мемлекет неге үкімдердің қалай орындалып жатқанын да жасырын ұстап отыр?

Олар Қазақстанда ма өзі?

Толық құпиялылық қоғамда орынды күмән туғызады:

  • Бұл адамдар ел ішінде ме?
  • Олар жазасын шетелде «өтеп» жатқан жоқ па?
  • Мәсімов қарапайым тұтқындарға қолжетімсіз жағдайда отыр ма?
  • Әбіш пен Тұрғымбаев жүздеген басқа шартты сотталғандар сияқты электронды білезік тағып жүр ме?

Бұл сұрақтардың ешқайсысына жауап жоқ.

ҚАЖК «жеке істің құпиясы» мен «ақпаратты жарияламау» туралы заңдарға сілтейді. Бірақ әңгіме ұлттық трагедия кезінде елдің арнайы қызметтері мен полициясын басқарған адамдар туралы болып отыр.

Мәсімов қайда?

ҰҚК-нің бұрынғы басшысына қатысты жағдай тіпті түсініксіз. БАҚ-та ол Семейдегі, бұрынғы силовиктер мен шенеуніктерге арналған аса қатаң режимдегі мекемеде отыр деген нұсқалар айтылған. Ал оның бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапенов Ulysmedia.kz-ке Мәсімов Өскеменде екенін мәлімдеді. Бірақ ресми растау жоқ. Мемлекет қоғамға тек «үкім күшіне енді» дегенге сенуді ұсынады.

Қаңтар және оның салдары

Қаңтардан кейін басқа да жоғары шенді тұлғалар жауапқа тартылды. Алматы облысы полициясының бұрынғы басшысы Серік Күдебаев 10 жылға сотталды – ол тәртіпсіздік кезінде жеке құрамды таратып, полиция ғимаратын қорғауды қамтамасыз етпеген. Ол Түркияға қашпақ болып, кейін экстрадицияланды. Жамбыл облысы полициясының басшысы Жанат Сүлейменов Қаңтардан кейін көп ұзамай өзіне қол жұмсады.

Осылайша, мемлекетке опасыздық, билікті асыра пайдалану және қауіпсіздік жүйесінің күйреуі бойынша негізгі фигуранттар ашық сотсыз сотталды, жазаларын қоғамдық бақылаусыз өтеп жатыр, ал олардың қамаудағы жағдайы туралы ақпарат толық жабық. Мемлекет сенім талап етеді, бірақ үкімдердің шын мәнінде орындалып жатқанын дәлелдейтін еш дерек ұсынбайды. Қазір жағдай мынадай көрінеді: қарапайым сотталғандарға – камера, білезік, есеп; ал ықпалды экс-силовиктерге – құпия, үнсіздік және «жеке деректер». Ал бұл үнсіздіктің ішінде тым көп сұрақ бар.

Серіктес жаңалықтары