«Бәйтерек» Ұлттық инвестициялық холдингі өзінің жаңартылған басқарушы құрамының ресми тізімін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Холдинг директорлар кеңесінің жаңа құрамы 26 желтоқсанда бекітіліп, бұл туралы ақпарат 13 қаңтарда KASE сайтында жарияланған.
Директорлар кеңесін премьер-министр басқарады
Құжатқа сәйкес, «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесін Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов басқарады. Кеңес құрамына елдің экономикалық және инвестициялық саясатына жауапты негізгі мемлекеттік лауазымды тұлғалар кірді.
Олардың қатарында:
бірінші вице-премьер Роман Скляр,
ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин,
қаржы министрі Мәди Такиев,
өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бар.
Ал холдингтің басқарма төрағасы қызметін бұрынғысынша Рустам Қарағойшин атқарады.
Ерболат Досаев қайтадан «Бәйтерек» басшылығында
Жаңартылған басқарушы құрамдағы ең назар аударарлық тұлғалардың бірі — Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев. Қазіргі таңда ол Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарады. Бұған дейін, 2016–2017 жылдары, Досаев «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы болған.
Үш шетелдік тәуелсіз директор орнында қалды
Холдингтің директорлар кеңесінде тәуелсіз директор мәртебесі бар үш шетелдік сарапшы жұмысын жалғастырып жатыр.
Мари-Элен Берар — кадрлар, сыйақылар және әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитеттің төрайымы. Ол Францияның бұрынғы президенті Жак Ширактың кеңесшісі болған және 2023 жылдан бері «Бәйтерек» директорлар кеңесінің мүшесі.
Дэниел Алан Витт — стратегиялық жоспарлау комитетін басқарады. Ол — Халықаралық салық және инвестициялар орталығының президенті.
Норберт Манфред Грундке — аудит комитетінің төрағасы. Бұрын Bosch Rexroth компаниясында топ-менеджер қызметін атқарған.
Үш шетелдік директор бұған дейін де «Бәйтерек» директорлар кеңесінің құрамында болған.