Мәжіліс депутаты Айдос Сарым ресейлік пропагандист Владимир Соловьёвтің резонанс тудырған мәлімдемелеріне пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Маса шаққан құрлы»
Қазақстан билігі Соловьёвтің сөздеріне қалай жауап беруі керек деген сұраққа депутат мұндай ұсақ арандатуларға дипломатиялық деңгейде жауап қатудың қажеті жоқ екенін айтты.
— Меніңше, Соловьёвтің әрбір «түшкіргеніне» наразылық нотасымен жауап беру – артық. Егер сізді маса шақса, сіз оған автоматпен оқ атпайсыз ғой. Мұнда жауапты журналистер мен саясаттанушылар беруі керек, ол қазірдің өзінде болып жатыр, — деді Айдос Сарым.
«Тыйым салып, ұмыту жеткілікті»
Депутаттың айтуынша, ресейлік пропагандист жеке ұстанымын айтып отыр, ол мемлекет атынан сөйлемейді. Иә, оның аудиториясы үлкен, бірақ Соловьёв ресми билік өкілі емес.
— Ең бастысы — Соловьёв шешім қабылдайтын лауазымды тұлға емес. Егер мұндай сөздерді мемлекеттік органдар немесе депутаттар айтса, онда тиісті шара қолданылар еді, — деп түсіндірді мәжілісмен.
Айдос Сарымның пікірінше, ресейлік пропагандистің мәлімдемелеріне берілетін ең қарапайым әрі жеткілікті жауап — оны persona non grata деп танып, елге кіруіне тыйым салу.
— Осы да жеткілікті реакция болар еді, — деді ол.