Air Astana ұшақтары Иран аумағын айналып ұшатын болды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Иран әуе кеңістігін жапқан соң, Air Astana әуе компаниясы рейстерінің бағытына өзгеріс енгізілетінін мәлімдеді. Енді әуе кемелері Шарм-эль-Шейх, Дубай, Доха және Медина қалаларына Иран аумағын айналып ұшатын болады. Осыған байланысты тұрақты және чартерлік рейстердің ұшу-қону кестесінде ауытқулар болуы мүмкін.
Контекст
Бұған дейін Иран билігі арнайы рұқсаты бар халықаралық рейстерден өзге барлық азаматтық әуе кемелері үшін әуе кеңістігін жабатынын хабарлаған. Сонымен қатар Ислам революциясы сақшылар корпусының әуе-ғарыш күштері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі жоғары дайындық деңгейіне көшірілгені белгілі болған.
Қалыптасқан ахуалға байланысты Ұлыбритания Тегерандағы елшілігін уақытша жауып, дипломатиялық қызметкерлерін эвакуациялады. Ал АҚШ Катардағы Әл-Удейд әскери-әуе базасындағы қызметкерлер санын қысқартты. Бұл жөнінде Reuters агенттігі жазды. Әл-Удейд – Таяу Шығыстағы АҚШ-тың аса маңызды әскери нысандарының бірі, онда шамамен 10 мыңға жуық әскери және азаматтық қызметкер бар.
Алайда агенттік дереккөздерінің бірі бұл қадам эвакуациядан гөрі жұмыс режимін өзгертуге байланысты екенін айтты. Мұндай шешімнің нақты себебі ресми түрде түсіндірілген жоқ.
Ирактық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, АҚШ әскері елдің батысындағы Айн әл-Асад базасынан толықтай шығарылған. Қазіргі таңда нысанда тек техникалық қамтамасыз ету қызметкерлері қалған.
Сарапшылардың пікірінше, бұл оқиғалар Иранда басталған жаппай наразылықтар фонында Вашингтонның Тегеранға қарсы күш қолдану ықтималдығы күшейген кезеңге сай келіп отыр. 12 қаңтарда АҚШ тарапы әскери әрекетті жоққа шығармаған соң, Иран парламентінің спикері Мұхаммад Калибаф ықтимал шабуыл жағдайында Тегеран Таяу Шығыстағы америкалық әскери базаларға жауап соққы жасайтынын мәлімдеді.
Ал Politico басылымының жазуынша, егер қақтығыс өрши түссе, АҚШ-тың аймақтағы әскери қызметкерлерін қорғау үшін әуе қорғаныс жүйелерінің мүмкіндігі жеткіліксіз болуы мүмкін.