Бүгін Астанада балаларының қазасын әділ тергеуді талап етіп, президент әкімшілігіне хат тапсыруға барған аналар мен сол жерге ақпарат таратуға барған Ulysmedia тілшісін полиция ұстады. Аналардың қазір қайда екені белгісіз. Құқық қорғаушы Инга Иманбай олармен әлі байланыса алмай отырғанын айтады. Ulysmedia тілшісі Нұрбол Құралды полиция телефонындағы фото-видеоларды өшіріп, түсініктеме алғаннан кейін босатқан.
«Заң жұмыс істемесе, ол барлығына қатысты істемейді»
Құқық қорғаушы, заңгер Инга Иманбай қанша уақыт өтсе де президент әкімшілігіне арыз өткізуге барған аналардан хабар ала алмай отырғанын айтты. Полиция ұстаған үш адамның екеуінің баласының қазасына байланысты іске Инга Иманбай құқықтық көмек көрсетіп жүрген. Ол аналардың президент әкімшілігіне пикет немесе митинг өткізу үшін емес, хат тапсыруға барған дейді.
«Бұрын митинг үшін, пикет үшін қамап жатса, ол белгілі бір топтың ғана мәселесі сияқты болатын. Жалпы бұл жүйе бөлек біреулердің проблемасы сияқты болатын. Бірақ мына кісілердің оқиғасы көрсетіп жатыр ғой. Жүйе «шіріген» кезде, заң жұмыс істемесе, ол барлығына қатысты жұмыс істемейді. Мына кісілердің балаларының ісі «адам өлтіру» бойынша іс. Үшеуінің жағдайында да балаларының өліміне кінәлі адамдар бостандықта жүр. Олар ешқандай амалын таппай, бас прокуратураға да барған. Мен ойламаймын, олардың іс-әрекетінде заңға қайшы әрекет бар деп», – деді Инга Иманбай.
Құқық қорғаушы Ulysmedia тілшісінің журналистік қызметіне кедергі келтіргені үшін шағымдану қажет дейді.
«Мені шетке бір екі жігіт сүйреді»
Ulysmedia тілшісі Нұрбол Құрал азаматтық киімдегі белгісіз адам келіп, телефонын тартып алғанын, кейіннен полиция қызметкерлері телефондағы видео-фотоны өшірсең, босатамыз деп айтты дейді. Сөзінше, хат тапсыруға барған аналар ешқандай пикет-митинг өткізбеген. Тек арыз-талабы жазылған хат тапсырғысы келген және оларды видеоға түсіре бастаған кезде «пикетке шығуға болмайды» деген ескерту жасаған.
«Ол кісілер 8-10 минуттай сөйлеп тұрды видеоға. Сосын көлік келіп, ол кісілерді алып кетті. Мені шетке бір екі жігіт сүйреді, түсіруге болмайды деді. Бірақ мен бір-екі кадр алдым. Сосын, мені алып кеткен жігіттердің өзін түсірдім. Бірінші өздеріңізді таныстырыңыздар дедім. Ол кісілер өздерін таныстырған жоқ. Бірден жұлқып әрекет жасады. Телефонға түсіріп тұрғанымды білді де, тартып алды», – дейді Нұрбол Құрал.
Осыдан кейін журналисті Есіл аудандық полиция бөліміне алып барған. Полиция бөлімінде редакцияда қанша уақыттан бері жұмыс істейтінін, не үшін ол жерге барғанын, кімнің шақырғанын сұраған. Тергеу аяқталғаннан кейін шығатын жерде телефонын қайтарған. Бірақ ішіндегі фото-видеолардың барлығы өшірілген. Тілші оны қалай және кімнің өшіргенін білмейді.
Контекст
Президент әкімшілігіне хат тапсыруға жұмбақ жағдайда қаза болған марқұм Саны Мерлан, Адель Ақанова және Ақнәр Гүлстанның аналары барған.
2022 жылы мамырда 16 жастағы Адель Ақанова үйінің ауласында дарға асулы күйде табылған. Полиция өзін өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеген, алайда марқұмның анасы Айнагүл Беисова қызының денесінде қарсылық көрсетудің белгілері болғанын айтады. Әйелдің пікірінше, Адельді біреу әуелі тұншықтырған болуы мүмкін, кейін дарға асылғандай қылып қойған.
13 жастағы Сана Мерлан 2024 жылы тамызда Атырауда суға батып кеткен. Оның анасы Анаргүл Қасантаева ұлына жоғары сынып оқушылары сес көрсеткенін, ал ол өлерінде жанында сегіз оқушы болғанын айтқан.
2022 жылы 20 шілдеде Алматыда 22 жастағы Ақнәр Гүлістан жетінші қабат үйдің терезесінен құлаған. Оның анасы қыз баланы азаптап, ізінше терезеден лақтырып жіберді деп санайды. Аналар балаларының қазасын әділ тергеуді талап етеді.
Бұған дейін Ақнәрдің анасы Гүлістан Хамит Ұлысмедиаға арнайы сұқбат берген болатын.