Ұлыбритания үкіметі Ресей тарапынан күшейіп келе жатқан қауіпке жауап ретінде резервке алынған бұрынғы әскери қызметкерлерді мобилизациялау жасын ұлғайтуды және мобилизацияға рұқсат беретін әскери қауіп деңгейін төмендетуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҢА ЗАҢ ЖОБАСЫ
Бұл өзгерістер жақын арада Ұлыбритания Парламентінде жарияланатын заң жобасына енгізілмек. Бұл туралы Би-би-си арнасының бас саяси тілшісі Генри Зеффман хабарлады. Үкімет аталған түзетулерді елді ықтимал әскери қақтығысқа дайындаудың маңызды бөлігі деп санайды.
СТРАТЕГИЯЛЫҚ РЕЗЕРВ ЖАСЫ ҰЛҒАЙТЫЛАДЫ
Қазіргі заң бойынша қарулы күштерден босатылған әскери қызметкерлер 55 жасқа дейін «стратегиялық резерв» қатарында есептеледі. Үкімет бұл шекті жас мөлшерін бірден 10 жылға арттырып, 65 жасқа дейін ұзартуды көздеп отыр.
ҚАУІП ДЕҢГЕЙІ ТӨМЕНДЕТІЛЕДІ
Қолданыстағы заңға сәйкес, резервистер тек аса ауыр жағдайларда — мемлекетке төнген қауіп, ауқымды төтенше жағдай немесе Ұлыбританияға жасалған шабуыл кезінде ғана шақырылады.
Жаңа түзету бойынша үкімет қарсы тарап «әскери дайындық әрекеттерін» бастаған жағдайда кез келген жастағы резервистерді шақыру құқығына ие болады.
ҚАЗІРГІ ТӘРТІП
Бүгінгі заңнама мұндай деңгейдегі қауіп кезінде тек соңғы бірнеше жылда запасқа шыққан әскери қызметкерлерді ғана мобилизациялауға мүмкіндік береді.
ЖҮЗЕГЕ АСУ МЕРЗІМІ
Егер бұл өзгерістер Парламент тарапынан қабылданса, олар келесі жылы күшіне енеді.