Оңтүстік Корея соты бұрынғы президент Юн Сок Ёльді сот төрелігіне кедергі келтірді деген іс бойынша бес жылға түрмеге қамау жөнінде үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Хабарламада оны ресми құжаттарды қолдан жасағаны және әскери жағдай енгізу үшін қажетті заңдық рәсімдерді сақтамағаны үшін де кінәлі деп танығаны айтылған.
БҰҒАН ДЕЙІН
Бұған дейін, 13 қаңтарда Yonhap прокуратураның Юн Сок Ёльге өлім жазасын сұрағанын хабарлаған еді. Басылым мәліметінше, президентке қатысты іс Сеулдің орталық аудандық сотында, Сочхогу ауданында қаралған.
Желтоқсан айының соңында Оңтүстік Корея прокуратурасы елдің бұрынғы президентін 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап өтініш берген.
КОНТЕКСТ
Юн Сок Ёль 2025 жылғы 15 қаңтарда сыбайлас жемқорлық ісі бойынша қамауға алынды. Бұл — тергеу органдары мемлекет басқарып отырған тұлғаны ұстаған «бұрын-соңды болмаған» жағдай ретінде бағаланды. Кейін экс-президент қамауда қалдырылды, бұл оның жақтастарының наразылығын туғызып, елде тәртіпсіздіктерге ұласты. 15 шілдеде Юн Сок Ёльдің қайтадан қамауға алынғаны белгілі болды, себебі сот оның айғақтарды жоюы мүмкін деген қауіп бар деп санаған.
Сондай-ақ сол жылдың жазында Оңтүстік Кореяның шамамен 11 мың азаматы Юн Сок Ёль мен оның жұбайы **Ким Гон Хи**ге қарсы сотқа жүгініп, әскери жағдай енгізуге әрекет жасағаны үшін ақшалай өтемақы талап еткен. Талап-арыздарға сәйкес, Юн Сок Ёльдің 2024 жылғы желтоқсанда әскери жағдай енгізуі — адам құқықтарына қарсы әдейі жасалған қылмыс ретінде бағаланған.