КҚК теңіз терминалына жасалған шабуылдардан кейін қазақстандық мұнай экспорты күрт қысқаруына байланысты Еуропа Солтүстік теңіз кен орындарынан өндірілетін шикізатқа көшіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Каспийдің орнына — Солтүстік теңіз
Bloomberg мәліметінше, «Лукойлдың» шетелдегі активтерін сатып алуға үміткер болған, әлемдегі ірі тәуелсіз мұнай трейдерлерінің бірі — Gunvor Group Қазақстаннан жеткізілімдердің күрт азаюына байланысты солтүстік нарықтағы сатып алуларын арттырған. Бар-жоғы екі күн ішінде Gunvor Солтүстік теңіз кен орындарынан алынған мұнайдың бес партиясын сатып алған.
— Gunvor-дың сатып алуды ұлғайтуы мен Солтүстік теңіздегі ұсыныстың тапшылығы дрон шабуылдары, қолайсыз ауа райы және ұзаққа созылған жөндеу жұмыстары салдарынан Қазақстан мұнайының негізгі Қара теңіз порты арқылы экспорты шамамен екі есеге қысқарғаннан кейін Еуропада мұнай нарығының қаншалықты тарылғанын көрсетеді, — деп жазады Bloomberg.
Уақытша шешім
Солтүстік теңіз мұнайы қазақстандық шикізаттың толыққанды орнын баса алмайды. Себебі бұл аймақта да негізгі кен орындарының бірінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына байланысты ұсыныс азайған. Сонымен қатар, қолайсыз ауа райына байланысты порттар жабылған соң, Еуропа Ливия мұнайынан да қағылды.
Осының нәтижесінде Солтүстік теңіздегі негізгі мұнай маркаларының бағасы рекордтық деңгейге жетті. Ең арзан сорттардың бірі — Forties маркасының бағасы базалық деңгейден екі долларға қымбаттады. Бұл — 2024 жылдың тамызынан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Сарапшылардың болжамынша, қазақстандық CPC Blend мұнайын Солтүстік теңіз шикізатымен алмастыру уақытша сипатқа ие болады. Ақпан айында Қазақстан тәулігіне 1,5 млн баррельге дейін экспорт көлемін қалпына келтіреді деп күтіліп отыр.