×
512.16
594.72
6.57
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.16
594.72
6.57

Байқоңыр тұрғыны Путинді сынағаны үшін жазаланды

Бүгін, 14:27
Байқоңыр тұрғыны Путинді сынағаны үшін жазаланды
ЖИ / ulysmedia.kz

Әлеуметтік желіде жарияланған 7 минуттық видеода ер адам Орыс православ шіркеуін, оның басшылығын, сондай-ақ билікті діни қызметкерлерді қолдағаны және қаржыландырғаны үшін сынға алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Михаил Бурштинский Байқоңыр қалалық сотында «діни белгі бойынша араздық немесе өшпенділік қоздырды» деген айыппен жауапқа тартылды. Атап айтқанда, іс материалдарында оның Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кириллге (Гундяев) қатысты өшпенділік тудырды деген тұжырым көрсетілген.

«Верстка» басылымының мәліметінше, ер адам жариялаған видеода сатиралық «Мульт личности» мультфильмінен үзінділер пайдаланылған. Онда Владимир Путин мен Дмитрий Медведев Кремль аясында гармошкамен билеп жүрген кейіпте көрсетіледі.

Бейнежазбадағы дауыс сырттай:

- Билік өзіне жайлы, барлық ақша жуу схемалары жолға қойылған орнынан кеткісі келмейді, – деп айтып, бұл іске «сақалды достары», яғни дін қызметкерлері көмектесетінін меңзейді.

Автор Ресейдегі әлеуметтік күйзеліс пен шіркеулердің мінсіз жағдайын салыстырып, онда «миллиондаған қаржы жиналатынын» атап өткен. Сонымен қатар, ол азаматтарды шіркеулердің маңында бейнежазба түсіріп, «дінге сенбейтіндердің құқықтарын қорғауды талап етуге» шақырған.

СОТ ШЕШІМІ

Сот материалдарына сәйкес, Михаил Бурштинский отырысқа қатысып, кінәсін мойындаған және жасаған әрекетіне өкініш білдірген.

Осыны ескере отырып, сот оған РФ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 20.3.1-бабы бойынша ең төменгі жаза — 10 мың рубль көлемінде айыппұл салды. Бұл шамамен 65 мың теңгеге тең.

ТҰРҒЫН ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ

Басылым дерегінше, Михаил Бурштинский Байқоңыр қаласында тұрады. Сондай-ақ 2022 жылы ол «Прогресс» зымыран-ғарыш орталығында жұмыс істеген. Аталған кәсіпорын Халықаралық ғарыш станциясына пилотталған және жүк кемелерін ұшыруға арналған зымыран-тасығыштарды өндірумен айналысады.

Серіктес жаңалықтары