Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп дамып келе жатқанына қарамастан, ел киім-кешек пен мата импортына әлі де қатты тәуелді. Іс жүзінде тоқыма шикізаты мен дайын өнімнің басым бөлігі шетелден жеткізіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жіп те импортталады
Energyprom.kz сарапшыларының есебіне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–қазан айлары аралығында елдегі жүн маталар, иірілген жіп пен тігін жіптері бойынша импортқа тәуелділік 100 пайыз болған.
Ал сырт киім мен іш киім сегментінде отандық өндіріс 1 пайызға да жетпейді. Көрпе мен жамылғының 94,3 пайызы сырттан әкелінеді, ал кілем өнімдерінің шамамен үштен екісі импортқа тиесілі.
Жеңіл өнеркәсіптегі Қазақстан өзін толық қамтамасыз ете алатын жалғыз өнім — мақта. Елде бұл шикізат жеткілікті. Алайда отандық кәсіпорындар сол мақтадан дайын өнім өндіруді әлі жолға қоя алмады. Соның салдарынан киім мен мата шетелден тасымалданады.
— Жеңіл өнеркәсіптің негізгі бағыттары, әсіресе дайын киім мен мата өндірісінде импортқа жоғары тәуелділік саланың жүйелі мәселесі болып қалып отыр, — деп атап өтті Energyprom.
Өндіріс бар, бірақ нәтиже мардымсыз
Соған қарамастан, Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласы бар және ол белгілі бір өсім көрсетіп келеді. 2025 жылы кәсіпорындар 259,5 млрд теңгенің өнімін өндірген, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 22,6 пайызға артық.
Негізгі өсім тоқыма бұйымдары өндірісіне тиесілі — бұл бағыт бір жылда 42 пайызға артқан. Ал киім өндірісі іс жүзінде өзгеріссіз қалған: өсім бар болғаны 0,8 пайыз болып, көлемі 83,6 млрд теңгеге жеткен. Былғары өнімдері өндірісінің өсімі де мардымсыз — небәрі 1,1 пайыз.