×
509.63
592.34
6.54
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
509.63
592.34
6.54

Тоқaев бәсекеден гөрі мұрагерлік туралы көбірек ойлайды – саясаттанушы

Бүгін, 16:48
Тоқaев бәсекеден гөрі мұрагерлік туралы көбірек ойлайды – саясаттанушы
Фото: Ақорда

Саясаттанушы Досым Сәтпаев бүгін Ұлттық құрылтайда айтылған саяси өзгерістерге қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың вице-президент лауазымын қайтадан енгізуі жаңалық емес. Бірақ ол саяси мұрагерлер иерархиясында орын ауыстыруды білдіреді.

«Тоқаев саяси бәсекеден гөрі, мұрагерлікке көбірек мән беріп отырған сияқты»

Досым Сәтпаевтың пайымынша, бұған дейін мұрагерлік тізбекте маңызды рөл атқарған сенат төрағасының институты жойылатын болғандықтан, оның орнын вице-президент алмастырмақ. Оның сөзінше, бірқатар елдерде вице-президент дәл осы Сенат төрағасының қызметін қатар атқарады.

«Қазақстан үшін бұл тосын жаңалық емес. Вице-президент институтының тамыры Қазақ КСР кезеңіне барып тіреледі. Ол кезде бұл қызметті Ерік Асанбаев атқарған. Алайда 1995 жылы Конституция қабылданып, 1996 жылы Нұрсұлтан Назарбаев бұл лауазымды толықтай жойды. Себебі сол кезеңде президентке орынбасар да, әлеуетті саяси бәсекелес те қажет болмады. Қазіргі жағдай өзгеше. Байқасақ, Қасым-Жомарт Тоқаев саяси бәсекеден гөрі, болашақтағы мұрагерлік пен билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікке көбірек мән беріп отырған сияқты. Ұсынылып отырған модельде вице-президент пен бірпалаталы жаңа парламенттің спикері арасында өзара тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі қалыптасуы тиіс», – дейді Досым Сәтпаев.

Саясаттанушының сөзінше, жаңа бір палаталы парламенттің бұрынғы екі палаталы парламенттен аса айырмашылығы болмайды. Депутаттардың жалақысы мен аппараттық шығындар тұрғысынан да бюджетке айтарлықтай үнем әкеледі деу қиын.

Ал Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы ассамбелясының орнына жаңадан құрылатын Халық кеңесі, шын мәнінде, билік қабылдаған шешімдерді «кең қоғамдық қолдау» атынан легитимизациялау функциясын атқармақ. Бұл тұрғыда ол Қазақстан халқы ассамблеясын еске салады.

«Жалпы алғанда, вице-президент институты әдетте үш негізгі функцияны орындайды. Біріншіден, президент қайтыс болған, отставкаға кеткен немесе импичмент жарияланған жағдайда билікті уақытша қабылдайтын резервтік көшбасшы. Екіншіден, саяси жүйедегі балансты сақтау құралы. Үшіншіден, президенттің арнайы тапсырмаларын орындаушы, соның ішінде парламенттегі ықпалын қамтамасыз ететін тұлға. Қазақстанда да вице-президент президенттің мүддесін парламентте қорғайтын өкіл болмақ. Алайда тәжірибе көрсеткендей, жасанды түрде құрастырылған саяси модельдер көбіне әлсіз келеді. Әсіресе олар нақты бір саяси конъюнктураға бейімделіп, Конституцияны жиі өзгерту арқылы жасалса; халықтың тікелей сенім мандатына ие емес жекелеген тұлғаларға сүйенсе; әрі бұл жүйені тіреп тұратын күшті саяси институттар болмаса», – дейді саясаттанушы.

«Парламентті партиялық тізіммен жасақтау – заң шығарушы билікті атқарушы билікке одан әрі тәуелді етеді»

Досым Сәтпаевтың сөзінше, мұндай саяси-құқықтық «өзек» рөлін, негізінен, сайлау және сот жүйелері атқаруы тиіс. 

«Ұлттық құрылтай отырысында депутаттардың Конституциялық сот судьяларын мақұлдайтыны, ал Жоғарғы сот судьялары президенттің ұсынуымен бекітілетіні, сондай-ақ парламенттің Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін тағайындауға келісім беретіні айтылды. Қағаз жүзінде бұл қисынды әрі орынды көрінеді. Алайда бір маңызды «бірақ» бар. Ендігі парламент тек партиялық тізім арқылы сайланатын болады. Бұл іс жүзінде, заң шығарушы билікті атқарушы билікке одан әрі тәуелді ете түседі. Себебі партиялық алаңды қалыптастыру тетіктерінің барлығы бұрынғыша атқарушы биліктің қолында қалып отыр. Осылайша, жаңа саяси конфигурация сырттай жаңашыл көрінгенімен, оның өміршеңдігі мен шынайы тепе-теңдік орната алуы институттардың дербестігіне және халық сеніміне тікелей байланысты болмақ», – дейді ол.

 

 

Серіктес жаңалықтары