×
509.63
592.34
6.54
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
509.63
592.34
6.54

Шымкент соты ҰҚК бұрынғы басшысының орынбасарына қатысты үкімді өзгертті

Бүгін, 17:23
Шымкент соты ҰҚК бұрынғы басшысының орынбасарына қатысты үкімді өзгертті
Ашық дереккөзден

Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы ҰҚК Шымкент қалалық департаменті басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты үкімді өзгертті. Ол бұған дейін сыбайлас жемқорлық ісі бойынша сотталған болатын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Апелляциялық сот шешіміне сәйкес, үкімнен бірқатар жаза түрі алынып тасталды.

Атап айтқанда, Сарбасовтың атына рәсімделген Шымкенттегі пәтерді тәркілеу және мемлекет кірісіне 17 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім жойылды. Бұл сома бірінші сатыдағы сотта қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынып, кейін үшінші тұлғаға сатылған Toyota Land Cruiser 200 автокөлігінің құны ретінде есептелген болатын.

Сонымен қатар, сот үкімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалды. Манат Сарбасов бұрынғыдай аса ірі көлемде пара алу, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және қызметтік әрекетсіздік баптары бойынша кінәлі деп танылды.

Оған тағайындалған орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы күшінде қалды.

Сондай-ақ:

  • ҰҚК подполковнигі әскери атағынан айыру;
  • мемлекеттік қызметте өмір бойына жұмыс істеу құқығынан айыру;
  • пара сомасы ретінде танылған 70 миллион теңгені өндіру туралы шешімдер өзгеріссіз сақталды.

КОНТЕКСТ

Іс мән-жайы 2019–2020 жылдардағы оқиғалармен байланысты. Тергеу дерегінше, Манат Сарбасов ҰҚК-дегі жоғары лауазымды қызметін атқара жүріп, кәсіпкер Эльмира Дүйсенқызыдан бір колледжге «қамқорлық көрсету» үшін 45 миллион теңге, сондай-ақ жекеменшік мектептің қызметіне кедергісіз жағдай жасау мақсатында 70 миллион теңге алған.

Тергеу бұл әрекеттер бір реттік көмек емес, бизнеске жүйелі түрде қорғау көрсетіп, тексерулер мен әкімшілік қысымнан арашалау сипатында болғанын алға тартқан.

Айыптау нұсқасына сәйкес, алынған қаражат Сарбасов тарапынан екі пәтер мен жол талғамайтын көлік сатып алу арқылы заңдастырылған. Пәтерлердің бірі кейін жөндеуден соң бастапқы бағасынан шамамен үш есе қымбатқа сатылған.

Бірінші сатыдағы сот бұл схеманы дәлелденген деп танып, мүлікті тәркілеу туралы шешім шығарған. Ал апелляциялық алқа дәл осы бөлігін ғана өзгертіп, пара алу фактісін және қылмыстың құқықтық саралануын қайта қараған жоқ.

Серіктес жаңалықтары