×
507.05
594.82
6.51
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
507.05
594.82
6.51

Жүздеген миллионды жымқыру: экс-вице-министр Сәрсембаев не үшін ұсталды?

Бүгін, 10:23
Жүздеген миллионды жымқыру: экс-вице-министр Сәрсембаев не үшін ұсталды?
Ulysmedia.kz коллажы

Қаржылық мониторинг агенттігі бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұрынғы вице-министрі Әділбек Сәрсембаевтың ұсталғанын іс жүзінде растады. Оның есімі мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында 607 млн теңгені жымқыру ісімен байланысты. Оған нақты қандай айып тағылып отыр және неге бұл мәселелер кеше ғана көтерілген жоқ? Ulysmedia.kz анықтап көрді.

Бұрынғы вице-министр қандай күдікке ілінді?

47 жастағы экс-шенеуніктің ұсталғаны туралы әңгіме бір ай бұрын тарай бастаған. Ол кезде дереккөздер Сәрсембаевтың қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінгенін айтқан еді. Алайда ресми органдар бұл ақпаратты растамады.

Редакция Қаржылық мониторинг агенттігіне ресми сауал жолдап, мынадай қысқа жауап алды:

– Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жариялауға жатпайды. Тек прокурордың рұқсатымен ақпарат бере аламыз.

Кейін Бас прокуратура Сәрсембаевқа қатысты тергеуді шынымен де Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізіп жатқанын растады.

Іс қайдан шықты және 607 миллион теңгенің қатысы не?

Болжамдардың біріне сәйкес, бұрынғы вице-министр әскери техниканы сатып алуға қатысты қылмыстық іс аясында аталады. Әңгіме жеке меншік Kazytec компаниясы мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде бөлінген 607,7 млн теңгеге қол жеткізіп, алайда өз міндеттемелерін орындамаған келісімшарт туралы болып отыр.

Әскери техника Қазақстанға жеткізілмеген. Ал сот қаражат қолма-қол шешіліп, схемаға қатысушылар арасында бөлінгенін анықтаған.

Бұл іс бойынша үкім бұған дейін шығарылған. Айыпталушылар қатарында «Қазспецэкспорт» РМК-ның бұрынғы топ-менеджерлері, кәсіпкерлер, жеке компания иелері мен делдалдар бар. Сот оларды аса ірі көлемдегі алаяқтық пен сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін кінәлі деп таныды.

Өткен жылдың жазында кейбірі 11 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, енді біріне шартты жаза, мүлкін тәркілеу және мемлекеттік қызметте өмір бойына жұмыс істеуге тыйым салу жазасы тағайындалды.

Редакция үкімнің 326 бетін толық зерттеп шығып, мынадай қорытындыға келді: тергеу мен сотта Әділбек Сәрсембаевқа қатысты сұрақтар қазіргі ұсталу туралы әңгімелерден әлдеқайда бұрын туындаған. Оның тегі істің негізгі эпизодтарында бірнеше рет аталады. Мұның себебін түсіну үшін оқиғаның бастауына қайта оралу қажет.

Ресейден келетін әскери техника және “шешуші” қолтаңба

Істің өзегі — Қазақстан Қорғаныс министрлігінің қару-жарағында тұрған «Су» жойғыш ұшақтарына арналған тежегіш жүйелерді сатып алу.

Қосалқы бөлшектер Ресейден мемлекеттік бюджет есебінен, қорғаныс тапсырысы аясында жеткізілуі тиіс болған. Мұндай келісімдер — кәдімгі коммерциялық шарт емес. Бұл мемлекетаралық әскери-техникалық ынтымақтастық саласына жатады және қатаң регламент пен көпсатылы келісімдерді талап етеді. Кез келген өзгеріс екі тараптың ресми рұқсатынсыз мүмкін емес.

Ресей тарапынан әскери өнім экспортын Әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі федералдық қызмет (ФС ВТС) бақылайды. Ал Қазақстан жағынан «кіру терезесі» сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі болған.

Дәл осы жерде ол кезде вице-министр қызметін атқарған Әділбек Сәрсембаевтың есімі пайда болады. Айта кетейік, 2023 жылы министрлік таратылған.

Мемлекеттік келісімшарт қалай жеке компанияға өтті?

Бастапқыда схема ашық әрі түсінікті көрінген. Жеткізілімдер тікелей «Қазспецэкспорт» мемлекеттік кәсіпорны арқылы жүзеге асуы тиіс еді. Мемлекеттік тапсырыс, мемлекеттік қаржы, мемлекеттік оператор — қалыпты әрі қауіпсіз модель.

Алайда кейін құрылым түбегейлі өзгереді. Келісімшарттың орындаушысы ретінде Kazytec ЖШС бекітіледі. Бұл үшін Ресей тарапы Қазақстаннан компанияның лицензиясы бар екенін, мемлекет оның қатысуына қарсы емес екенін және өзгерістерге рұқсат берілетінін ресми түрде растауы керек болған.

2022 жылғы 1 шілдеде Ресейдің Әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі федералдық қызметі Қазақстаннан дәл осындай жауап алады — ол хатқа сол кездегі вице-министр Әділбек Сәрсембаев қол қойған.

Сот үкімінде бұл туралы былай делінген:

- Сәрсембаев А.З. мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау қағидаларының талаптарын бұза отырып, “Kazytec” ЖШС-нің мүддесі үшін әрекет етіп, Әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі федералдық қызметі директорының орынбасары Дрожжов В.Н.-ның атына хатқа қол қойған. Онда аталған компанияның тиісті лицензиясы бар екені көрсетіліп, бұрын жолданған тізімдерге өзгеріс енгізуге министрлік тарапынан қарсылық жоқ екені хабарланған. Осы әрекеті арқылы Сәрсембаев А.З. “Kazytec” ЖШС-нің ҚР Қорғаныс министрлігімен жұмыс істеу өкілеттігін заңсыз растаған және әскери мақсаттағы өнім тізбесіне өзгеріс енгізуге жол берген.

Лицензияның болуы жеке компанияға уәкілетті мемлекеттік кәсіпорынды алмастыру құқығы бар деген сөз емес.

Неге сұрақтар тек қазір туындады?

Осы тұста “неге Сәрсембаевқа айып бұрын тағылған жоқ?” деген басты сауал туындайды.

Сот процесі барысында маңызды жайт анықталған. Иә, ол Ресей тарапына жолданған хатқа қол қойып, жеке компанияның қорғаныс келісіміне қатысуына іс жүзінде «жасыл жарық» берген.

Алайда Қазақстанның өз ішінде мемлекеттік қорғаныс тапсырысының ресми тізімдеріне қажетті өзгерістер қағидаларға сай толық енгізілмеген. Яғни Ресейге қарсылық жоқ деп хабарланғанымен, ел ішіндегі міндетті рәсімдер не аяқталмаған, не тек қағаз жүзінде қалған.

Дәл осы формалды, бірақ шешуші деталь Сәрсембаевтың ұзақ уақыт бойы айыпталушылар қатарынан тыс қалуына мүмкіндік берген болуы мүмкін. Соған қарамастан, сот үкімінде вице-министрдің жауабы 607,7 млн теңгенің жымқырылуына жағдай жасағаны нақты көрсетілген:

- Сот талқылауының қорытындысы бойынша ҚР Қорғаныс министрі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрінің атына жеке қаулы шығарылып, 2022 жылғы 1 шілдедегі №04-4-19/27104 хаты бюджет қаражаты — мемлекеттік қорғаныс тапсырысының 607,7 млн теңгесін жымқыруға жағдай жасағаны атап өтілді.

Бұл — тікелей сөз байласу туралы айып емес. Бірақ бұл — соттың ресми құқықтық бағасы. Аталған хат болмаса, схема іске аспауы мүмкін еді.

Қорытынды

Қазіргі таңда Әділбек Сәрсембаевқа Қылмыстық кодекстің нақты қай баптары бойынша айып тағылып отырғаны белгісіз. Бұл қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану немесе билікті теріс қолдану болуы мүмкін.

Алайда мұндай істерде баптың атауынан гөрі қабылданған шешімдердің салдары маңыздырақ. Мемлекеттік аппараттың ең жоғары деңгейінде қабылданған әрекеттер қорғаныс тапсырысының қаражатын жымқыруға жол ашса, мәселе жеке тұлғаның жауапкершілігінен асып, мемлекеттің қорғаныс жүйесіндегі жүйелік осалдықты көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары