Адвокат Мейірман Шекеев Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қозғалған қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оның айтуынша, аталған іс бойынша қоғамда түрлі алыпқашпа әңгіме тарап, тікелей эфирлерде де, журналистер тарапынан да көп сұрақ қойылған.
– Қаржаубайға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша көп азаматтар алаңдаушылық білдіріп, тікелей эфирде және басқа да жерлерде, одан қалса журналистер де сұрап жүргендіктен және бұл іске қатысты өсек-аяңды тоқтату үшін осы ақпаратты жариялап отырмын, – деді адвокат.
Мейірман Шекеевтің сөзінше, осы уақытқа дейін іске қатысты түсініктеме берілмеген, себебі тергеу жалғасып жатқан.
– Осы уақытқа дейін жауап бере алмадық, өйткені іс жалғасып жатты. Десе де, осы аралықта атқарылған жұмыстардың арқасында біз бұл нәтижеге қол жеткіздік деп ойлаймын, – деп жазды ол.
Адвокат Қаржаубайдың айналасында оған қарсы адамдар болғанын да жасырмады.
– Қаржаубайдың кейбір жаулары біздің үнсіздігімізді оның міндетті түрде сотталатынына балап, бақылап жүрді. Отбасын қаралап, түрлі ақпарат таратқан адамдар да болды. Кейбірі мұны тікелей эфирлерде айтып жүрді, – деді Шекеев.
Оның айтуынша, Қаржаубай сотталады деген үмітін үзбегендер де аз болмаған. Алайда бұл істе жәбірленуші тарап болған полиция қызметкерлері адамгершілік танытқан.
– Сол кездегі жәбірленуші болған полиция қызметкерлерінің адамгершілігі биік болды. Сондай-ақ құқық қорғау органдары істі объективті қарады. Соның нәтижесінде Қаржаубайға қатысты қозғалған қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігінің 12-тармағына сәйкес тоқтатылды, – деп жазды адвокат.
Мейірман Шекеев бұл шешім өзіне де, істі бірге қорғаған әріптестеріне де үлкен жеңілдік болғанын айтты.
– Қаржаубайдың және сол отбасының барлық істе қорғаушысы болған менің және заңгерлік компаниямыздағы әріптесім Азамат інімнің мойнынан бір жүк түскендей болды, – деді ол.
Сонымен қатар, адвокат Қаржаубайдың болашағына қатысты да пікір білдірді.
– Қаржаубайға інім ретінде болашағы енді ашық, жарқын болсын деп тілеймін. Мұндай қиын жағдайға енді түспесе екен деймін. Себебі оның көтерген жүгі – түптеп келгенде ең ауыр жүк, – деп жазды Мейірман Шекеев.