×
506.7
593.14
6.53
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
506.7
593.14
6.53

Қазақстандық кәсіпкер «Қазцинкті» сатып алмақ: жаңа деректер

Бүгін, 11:39
Қазақстандық кәсіпкер «Қазцинкті» сатып алмақ: жаңа деректер
Фото: Oralgazieva Elzhana / Wikimedia Commons, CC BY-SA 4.0

Бұған дейін халықаралық тау-кен компаниясы ERG-дегі үлестің бір бөлігін сатып алған кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп KazZinc Group Ltd атауымен жаңа компания тіркеді. Бұл «Қазцинкті» сатып алу жөніндегі көптен бері айтылып жүрген келісімнің рас екенін айғақтайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Жаңа» Kazzinc

21 қаңтар күні Шахмұрат Мүтәліп Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында екі компанияны тіркеген.

Олардың алғашқысы — KazZinc Group Ltd. Компания холдинг құрамында мыс, қорғасын және мырыш өндірумен айналыспақ. Құжаттарда компанияның бас директоры әрі иесі ретінде Шахмұрат Мүтәліптің өзі көрсетілген.

Корпоративтік электронды пошта Дархан Естиярдың атына тіркелген. Ол — Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі Integra Construction KZ құрылыс тобының құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры.

Екінші жеке компания Central Asia Resources Holding Ltd деп аталады және дәл осы параметрлермен тіркелген. Оның негізгі қызмет түрі ретінде де түсті металдар өндіру көрсетілген.

Мәміле туралы не белгілі

Аталған екі компанияның тіркелуі Integra Construction KZ иесі Шахмұрат Мүтәліптің Kazzinc бизнесін шынымен сатып алып жатқанын растайды.

Бұл жөнінде қауесеттер өткен жылдың соңында-ақ тарағанымен, мәміле ресми түрде расталмаған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, Шахмұрат Мүтәліп швейцариялық Glencore компаниясына тиесілі «Қазцинктегі» 70 пайыз акцияны сатып алуға қызығушылық танытқан.

Шахмұрат Мүтәліп кім

Integra Construction KZ компаниясының бенефициарлық иесі Шахмұрат Мүтәліп — қазақстандық бизнестегі жаңа әрі қарқынды дамып келе жатқан тұлғалардың бірі.

Қазан айында ол «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы болып сайланды. Сонымен қатар Қазақстан бокс федерациясын басқарады.

Желтоқсан айының соңында Шахмұрат Мүтәліптің халықаралық Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының 40 пайыз үлесін сатып алғаны белгілі болды.

ERG мен «Қазцинктің» ортақ иесі ретінде Шахмұрат Мүтәліп Қазақстанның тау-кен өндірісі саласындағы жаңа ықпалды ойыншылардың біріне айналуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары