×
506.7
593.14
6.53
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
506.7
593.14
6.53

Сот операторды өтемақы төлеуге мәжбүрледі

Бүгін, 19:40
Сот операторды өтемақы төлеуге мәжбүрледі
Ulysmedia коллажы

Жетісу облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрғындардың ұжымдық шағымы негізінде сотқа жүгініп, ірі байланыс операторынан ақшаны қайтаруға қол жеткізді. 13 қаңтар күні Талдықорған қалалық сотында іс қаралып, шешім қабылданды, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

ҚЫЗМЕТТІҢ САПАСЫ ТӨМЕНДЕГЕН КЕЗЕҢ

Департаменттің мәліметінше, тұрғындар ұзақ уақыт бойы «Отбасылық тариф» бойынша байланыс пен мобильді интернет қызметін тұрақты түрде төлеп келген. Ай сайынғы абоненттік төлем 11 670 теңгеден жоғары болған. Сонымен қатар, оператор арқылы смартфондар сатып алынған.

Алайда 2025 жылдың 10 қазанынан 19 қарашасына дейін байланыс сапасы нашарлап, интернетке қол жеткізу мүмкін болмаған. Соған қарамастан оператор толық көлемде абоненттік төлемді алуды жалғастырған. Бұл – келісімшарт міндеттемелерін орындамау деп танылды.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛДАРЫ

Бұл жағдай аймақ үшін әлеуметтік тұрғыдан маңызды мәселеге айналды. Ересектер мемлекеттік органдар мен жедел қызметтерге хабарласуда қиындық көрді. Ал оқушылар 41 күн бойы үй тапсырмасын орындап, қашықтан оқуға қатыса алмады.

Департамент заңның «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» 7-бабына сәйкес, әр азамат сапалы қызмет алуға құқылы екенін еске салды. Егер қызмет көрсетілмесе немесе сапасыз көрсетілсе, тұтынушы ақшаны қайтаруды талап ете алады.

ДЕПАРТАМЕНТТІҢ ӘРЕКЕТІ

Мамандар тұрғындарға құқықтық көмек көрсетіп, операторға сотқа дейінгі шағым дайындауға жәрдемдесті.

Оператор ресми жауапта қызмет сапасының төмендеуін телекоммуникациялық инфрақұрылымның жеткіліксіздігімен түсіндірген. Бірақ абоненттерге алдын ала ескерту жасалғаны дәлелденбеді.

СОТ ШЕШІМІ

Департамент сотқа жалпы сомасы 315 538 теңгені құрайтын талап арыз жолдады. Заң тұрғысынан алғанда, көрсетілмеген қызмет үшін ақы алу – негізсіз байыту болып саналады және Азаматтық кодекстің 953-бабына сәйкес қайтарылуы тиіс.

Сот барысында оператор талаптардың заңдылығын мойындады. Нәтижесінде тараптар медиативтік келісімге келіп, ол сотпен бекітілді. Жергілікті тұрғындарға сапасыз қызмет көрсетілген кезең үшін 234 657 теңге көлемінде өтемақы төленді.

ҚОСЫМША АҚПАРАТ

Өткен жылдың соңында бірнеше байланыс операторы тариф бағаларын қайта қарауды жоспарлағанын жариялаған еді. Осыдан кейін депутаттар олардың арасында келісілген әрекет болуы мүмкін деген күдік білдірді.

Серіктес жаңалықтары