×
506.7
593.14
6.53
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
506.7
593.14
6.53

Kundelik платформасы оқушылардың деректерін таратқаны үшін айыппұл арқалады

Бүгін, 13:27
Kundelik платформасы оқушылардың деректерін таратқаны үшін айыппұл арқалады
Ulysmedia.kz коллажы

Kundelik электронды платформасын әзірлеуші компания оқушылардың жеке деректерінің таралуына жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына жауап бере отырып мәлімдеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Вице-министрдің айтуынша, жүргізілген тергеу нәтижесінде ақпараттық жүйеге хакерлік шабуыл жасалмағаны анықталған. Деректердің таралуына негізгі себеп «адами фактормен» байланысты.

— Кодты физикалық та, логикалық та бұзу әрекеті болмаған. Ақпарат жүйеге бұрын қолжетімділігі бар адамдардың аккаунттары арқылы алынған. Бұл — 2020 жылға дейінгі ескі деректер, — деп түсіндірді ол.

Соған қарамастан, Kundelik компаниясы киберқауіпсіздік талаптарын бұзғаны және жеке деректердің таралуына жол бергені үшін айыппұл төлеген.

Министрліктің хабарлауынша, алдағы уақытта билік жаппай деректердің таралуы үшін жауапкершілікті күшейтуді жоспарлап отыр. Мұндай оқиғаларға қолданылатын санкцияларды бірнеше есе арттыру мәселесі қарастырылуда.

ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕР

2025 жылдың желтоқсан айында интернетте қазақстандық мектеп оқушыларының жеке деректері жарияланған скриншоттар тараған еді. Олардың қатарында танымал тұлғалардың балалары да болған.

Атап айтқанда, бұрынғы Қаржы полициясының басшысы Қайрат Қожамжаровтың жиендерінің деректері де ашық қолжетімділікке шыққаны хабарланған.

Ал Kundelik платформасының иелері бұл жағдайды «деректердің таралуы емес» деп, жарияланған мәліметтерді ескірген ақпарат ретінде түсіндірген болатын.

АЛҒАШҚЫ ЖАҒДАЙ ЕМЕС

2024 жылы Қазақстан азаматтарының әуе рейстеріне қатысты ірі деректер тарап кеткен еді. Ол шетелдік брондау жүйелерінің бұзылуы салдарынан болған.

Нәтижесінде саясаткерлердің, депутаттардың, кәсіпкерлердің, шоу-бизнес өкілдерінің, сондай-ақ қарапайым азаматтардың ішкі және халықаралық әуе сапарлары туралы жеке мәліметтері ашық интернетке шыққан.

Дмитрий Мунның айтуынша, бұл оқиға Қазақстан юрисдикциясынан тыс жерде болғандықтан, мемлекеттің оған ықпал ету мүмкіндігі шектеулі болған.

Серіктес жаңалықтары