Маңғыстау облысында мерзімді әскери қызметкердің қаза табуына қатысты іс бойынша сотталған зенит-артиллериялық взводтың бұрынғы командирі, «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №25744 әскери бөлімнің экс-қызметкері Дамир Досовтың кассациялық шағымын қарау күні белгіленді. Адвокат Азамат Сағал алдағы сот отырысына дайындық қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Адвокат Азамат Сағалдың айтуынша, Қазақстан Республикасы Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты сотталған экс-командирдің шағымын қарауға қатысты отырыстың күні мен уақыты нақты бекітілген, деп жазады Lada.kz.
Сот процесі 27 қаңтар күні сағат 15:00-де өтеді.
АДВОКАТ НЕ ДЕЙДІ
Азамат Сағал кассациялық шағымға қарсы уәж дайындалып жатқанын айтты.
- Қазіргі таңда кассациялық шағымға қатысты өз қарсылығымызды әзірлеп жатырмыз. Әрине, сотталған азаматтың үкімге кассациялық тәртіппен шағымдануға толық құқығы бар, – деді ол.
Сонымен қатар, адвокат бірінші және апелляциялық соттардың шешімдері заңды әрі негізді деп есептейтінін атап өтті.
- Бірінші сатыдағы соттың үкімі де, апелляциялық инстанцияның қаулысы да заңды және дәлелді. Сот шешімі істің барлық материалдарын жан-жақты әрі объективті зерделеу нәтижесінде қабылданды. Процес барысында айыптау тарапы мен қорғау тарапының уәждері толық ескерілді, – деді қорғаушы.
Оның айтуынша, жиналған дәлелдемелердің жиынтығы сотқа әділ әрі заңды шешім қабылдауға мүмкіндік берген. Адвокат кассациялық шағымда келтірілген уәждерге құқықтық бағаны тиісті сот инстанциясы беретінін де атап өтті.
- Кассациялық шағымда көрсетілген дәлелдерге Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот баға береді. Мен бұл инстанция да аталған іс бойынша заңды әрі негізді шешім шығарады деп үміттенемін, – деді Азамат Сағал.
Сонымен қатар, ол қорғау тарапы қазір көтеріп отырған мәселелерге бірінші сатыдағы сот бұған дейін құқықтық баға бергенін еске салды.
- Қорғау тарапы алға тартып отырған уәждер бойынша сот бұрыннан тиісті құқықтық бағасын берген, – деп түйіндеді адвокат.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Қайғылы оқиға "Батыс" өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінің жиыны кезінде болған. Сағат 17:10 шамасында лагерь бойынша кезекші, гвардия лейтинанты ПМ 9 мм тапаншасынан оқ атқан. Атылған оқ қатардағы жауынгер Марат Ерболұлы Барқұловтың бетіне тиген. Сарбаз ауруханаға жеткізілгенімен оны аман алып қалу мүмкін болмаған. Сағат 17:40 шамасында ол көз жұмған.
Сот үкімімен күдікті Дамир Досов қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі (қасақана өлтіру) бойынша кінәлі деп танылып, 13 жылға бас бостандығынан айырылды.