Қазақстанда ішкі бағыттар бойынша қайтарылмайтын әуе билеттерін сатуды тоқтату ұсынысы айтылды. Бұл бастама Мәжіліс жанындағы қоғамдық палатаның отырысында көтерілді. Жиында авиациялық қызмет пен жолаушылар тасымалы саласындағы мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КОМИТЕТ ПІКІРІ
Мәжіліс дәлізінде журналистер Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің ұстанымын сұрады. Комитет төрағасы Салтанат Томпиева қайтарылмайтын билеттердің қазақстандықтар арасында үлкен сұранысқа ие екенін атап өтті.
"Менің білуімше, қайтарылмайтын билеттер халық арасында өте танымал. Сатып алушылардың 50 пайыздан астамы дәл осындай билеттерді таңдайды. Бұл қонақүйлердегі жағдайға ұқсайды: қайтарылмайтын тариф арзанырақ. Әдетте мұндай билеттерді сапарын алдын ала жоспарлай алатын жолаушылар сатып алады," – деді ол.
БИЛЕТ ҚҰНЫ ЖӘНЕ СУБСИДИЯЛАНҒАН РЕЙСТЕР
Томпиева билет сатып алу уақытын да еске салды: ұшуға екі–үш ай қалғанда алынған билеттердің бағасы соңғы сәтте сатып алынғаннан әлдеқайда төмен. Сонымен қатар, ол субсидияланатын рейстерде қайтарылатын билеттердің белгіленген бағамен сатылатынын айтты.
"Мұндай рейстерде әуе компаниясы толық қайтарым жасайды. Бірақ көптеген жолаушылар билеттің қайтарылатынын білгендіктен, орындарды алдын ала ұстап қояды. Соның салдарынан әуе компаниялары кейін орын жоқ деп хабарлайды," – деді комитет төрағасы.
ЖАҢА ЗАҢ ЖОБАСЫ
Бұған дейін Қазақстанда барлық билеттерді қайтарылатын ету ұсынылған болатын. Бұл норма тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы жаңа заң жобасына енгізілген. Алайда Көлік министрлігі егер жолаушылар билеттерді еш шығынсыз қайтара алатын болса, бұл әуе сапарларының бағасына әсер ететінін ескертті.