×
503.35
590.63
6.62
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.35
590.63
6.62

Алматыда №1 қалалық перзентхана неге бұзылды

Бүгін, 09:40
Алматыда №1 қалалық перзентхана неге бұзылды
@nostalgiapoalmaty

Алматыда №1 қалалық перзентхананың жаңа ғимаратының құрылысы басталды. 1938 жылы салынған ескі ғимарат толықтай бұзылды. Бұл шешім ғимараттың техникалық және сейсмикалық тұрғыдан жарамсыз деп танылуына байланысты қабылданған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әкімдіктің мәліметінше, жүргізілген техникалық тексеру нәтижесінде ғимараттың тірек құрылымдары мен инженерлік желілерінің 100 пайыз тозғаны анықталған. Өрт қауіпсіздігі, желдету, гидрооқшаулау жүйелері қазіргі талаптарға сай келмеген, сондай-ақ науқастарды тасымалдауға арналған жедел саты болмаған.

Сонымен қатар нысан тектоникалық жарылым аймағында орналасса да, ғимаратта бірде-бір рет сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілмеген. ҚазҚСҒЗИ қорытындысына сәйкес, перзентхана ғимараты сейсмикалық нормаларға сәйкес келмеген.

Құрылымдық тозумен қатар, ғимарат медициналық көмек көрсету стандарттарына да сай болмаған. Атап айтқанда, қабылдау бөлімінде шұғыл ота жасайтын зал қарастырылмаған, пациенттерді triage жүйесімен қабылдау мүмкіндігі болмаған, операциялық блок пен реанимацияда инфекциялық бақылауға арналған арнайы үй-жайлар жоқ болған.

Іргетасты күшейту мүмкін болмағандықтан, ал күрделі жөндеу мен ғимаратты ұстау экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылған соң, ескі нысанды сүріп, оның орнына жаңа перзентхана салу туралы шешім қабылданды.

ЖАҢА ҒИМАРАТ

Жобаға сәйкес, жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асатын үш қабатты жаңа ғимарат бой көтереді. Перзентхана 155 орынға есептелген. Заманауи палаталар ана мен балаға қолайлы жағдай жасап, энергия үнемдейтін технологияларды енгізу арқылы пайдалану шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Қабылдау бөлімінде шұғыл ота жасауға арналған бөлме болады, бұл жедел медициналық көмекті кідіріссіз көрсетуге жол ашады. Операциялық залдардың саны екіден төртке дейін көбейеді, ал қабылдау бөлімінің қуаты тәулігіне 25-тен 38 өтінішке дейін ұлғаяды.

Жаңа корпус пайдалануға берілгеннен кейін көрсетілетін медициналық қызмет саны жылына 11 мыңнан 14 мыңға дейін, ал босану саны 5 мыңнан 9 мыңға дейін артады деп жоспарланып отыр. Жаңа ғимарат акушерлік, перинаталдық көмек пен жаңа туған нәрестелерге күтім жасау саласында заманауи медициналық технологиялар мен дәлелді медициналық тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.

Құрылыс жұмыстарын келесі жылдың наурыз айында аяқтау көзделген. Осы кезеңде перзентхана жұмысын тоқтатпайды — барлық бөлімшелер уақытша Сейфуллин даңғылындағы "А" блогына көшіріледі.

 

Серіктес жаңалықтары