Ресей әскері 24 қаңтарға қараған түні Киев пен Харьков қалаларына шабуыл жасады. Әуе соққылары Абу-Дабиде келіссөздер жүріп жатқан уақытта жасалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Киевте қала әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченконың айтуынша, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі жұмыс істеген. Соққы тиген аудандардың бірінде өрт шыққан. Украина әскері мен жергілікті БАҚ түн ортасынан кейін жойқын атқылау болғанын хабарлады. Алдын ала деректер бойынша, кемінде бір адам қаза тауып, төрт адам жараланған.
Харьков қаласы да түнде жаппай әуе соққысына ұшырады. РБК-Украина мәліметінше, кемінде 11 адам зардап шеккен. Бірнеше аурухана мен тұрғын үйлер бүлінген. Қала әкімі Игорь Терехов адамдардың үйінді астында қалуы мүмкін екенін айтқан.
ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕДІ
Украина президенті Владимир Зеленский шабуыл кезінде 370-тен астам дрон және 21 зымыран қолданылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, негізгі нысаналардың бірі – энергетикалық инфрақұрылым болған.
Киев пен Киев облысынан бөлек, соққыға Сумы, Харьков және Чернигов облыстары да ұшыраған. Зеленскийдің сөзінше, Харьковте перзентхана, қоныс аударғандарға арналған жатақхана, медициналық колледж және тұрғын үйлер зақымданған. Ол жараланғандардың арасында бала да бар екенін айтты.