×
503.35
590.63
6.62
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.35
590.63
6.62

Іші қуыс: Оқу-ағарту министрлігі неге жауаптан жалтарады?

Бүгін, 10:01
Іші қуыс: Оқу-ағарту министрлігі неге жауаптан жалтарады?
Ulysmedia.kz коллажы

Соңғы айларда мектептерге бөлінген миллиардтаған қаржы елдегі басты «жаңалықтардың» біріне айналды. Бұл тақырыпты сарапшылар да, жекеменшік мектеп иелері де, Қаржы министрлігінің аудиторлары да, премьер-министр мен президент те көтеріп жүр. Ал үнсіз отырған — Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілдері.

Ulysmedia.kz редакциясы жаңа министр Жұлдыз Сүлейменова өз ұстанымын түсіндіретін алаң таба алмай жүрген шығар деп ойлап, бастама көтерді. Біз министрге нақты сұрақтардың толық тізімін жолдадық. Негізгі назар — премьер-министрдің білім беру саласындағы қаржыландыруда қолданылып отырған алаяқтық схемаларды жою жөніндегі тапсырмасына аударылды. Жауап дер кезінде келді, алайда түсіндіруден гөрі жаңа сұрақтар туғызды. Соның ішіндегі бастысы Оқу-ағарту министрлігінде отырғандар шынымен мемлекеттік тілді біле ме, білсе, неге бас десе, құлақ дейді? 

Еркін тақырыптағы шығарма

Жекеменшік мектептерді қаржыландырудағы мәселелер кеше ғана пайда болған жоқ. Бұл саладағы заңбұзушылықтардың жаңа деректері апта сайын жарияланып келеді.

6 қаңтар күні премьер-министр Олжас Бектенов салалық министрліктерге қатаң тапсырма берді. Бектенов бір апта ішінде проблеманың шығу тегін анықтап, жекеменшік білім беру саласындағы алаяқтарға тосқауыл қоятын тетіктерді ұсыну керек еді. 

Үкімет басшысының тапсырмасы қалай орындалып жатқанын түсіну үшін біз Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың атына ресми журналистік сауал жолдадық. Сұрақтар барынша қысқа әрі нақты болды:

— жан басына шаққандағы қаржыландыру ережелерін бұзған қанша жекеменшік мектеп анықталды?
— ең жиі тіркелген заңбұзушылықтар қандай?
— Қаржы министрлігінің мониторингіне дейін бұл мәселелерді министрлік көрді ме және оны шешудің қандай жолдарын ұсынады?

Ресми жауап ведомствоның баспасөз хатшысы Жайнагүл Төлемісованың атынан келді. Алайда ол әр сұраққа жеке-жеке жауап берудің орнына, қарапайым іскерлік этика талап ететін тәсілді сақтамай, бізге еркін тақырыпта жазылған бір мәтінді жолдауды жөн көрген.

Неге еркін тақырыпта? Себебі жауапта жекеменшік мектептерді қаржыландырудағы заңбұзушылықтар туралы бір ауыз сөз жоқ. Мүлде жоқ.
Ең басынан бастайық. Біз сауалдың кіріспесінде Жұлдыз Сүлейменоваға былай деп жаздық: Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі ретінде сізге бір апта ішінде жан басына шаққандағы қаржыландыруды бөлу барысында туындаған ықтимал алаяқтық схемаларды жою жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылған. Атқарылған жұмыс нәтижелері, министрліктің ұсыныстары және мұндай жағдайдың қалайша орын алғаны туралы пікіріңізді білдіруіңізді сұраймыз.

Ал министрліктің баспасөз хатшысы бізге былай деп жауап береді:

– Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі (бұдан әрі — Министрлік) қаржыландырудың кешігуіне қатысты сіздің өтінішіңізді қарап, төмендегіні хабарлайды…

Біз өтініш емес, журналистік сауал жолдағанымызды қоя тұрайық. Оның үстіне біз қаржыландырудың кешігуі туралы емес, дәл сол қаржыландыру аясындағы алаяқтық схемалар туралы сұрадық.

Дегенмен жауаптың дәл осылай басталғаны қисынды да шығар. Себебі ары қарай Жайнагүл Төлемісова жекеменшік мектептердің мемлекеттік тапсырысты қалай ала алатынын егжей-тегжейлі түсіндіреді. 2025 жылдың қарашасында мемлекеттік тапсырысты қаржыландырудың жаңа тетігі бекітілгенін еске салады. Мемлекеттік қолдауға ие болу үшін OrtaBilim порталы арқылы тіркеуден өту қажеттігін, порталға Қаржы министрлігі жауапты екенін, қаражатты әкімдіктер тек өңір қажеттілігіне сай бөлетінін, мектептердің жабдықталған ғимараттарда орналасуы тиіс екенін және мемлекеттік тапсырысты бөлу қағидаларын ешкім өзгерте алмайтынын тізіп шығады.

Жалпы алғанда, бұл нормативтік-құқықтық актілерден алынған үзінді іспетті. Мүмкін, жекеменшік мектеп ашқысы келетіндерге пайдалы болар. Бірақ біз мектеп ашайын деп отырғанымыз жоқ. Біз проблеманың ауқымы мен себептерін түсінгіміз келеді.

Мәселе туралы айтпасаң, ол өздігінен жоғала ма?

Осылайша тағы бір түйткіл пайда болды. Барлығы алаяқтық туралы ашық айтып жатқанда, салалық министрліктің жауабы бәрі дұрыс, алаңдауға еш негіз жоқ дегенді меңзегендей.

Ал жаңа цифрлық платформа енгізілген соң, мәселе тіпті өздігінен шешіліп кеткендей көрінеді: мектептер өздері тіркеледі, құжаттар тексеріледі, қаржыландыру лимит аясында бөлінеді.

Алайда жекеменшік мектептерде жалған оқушылар мен мұғалімдердің пайда болуына кім жол берді?  Мектептердің мейрамхана ғимараттарында ашылғанын бұрын кім байқамады? Осындай «байқамағандар» анықталмайынша, жаңа алаяқтық схемалардың пайда болмайтынына кім кепіл?

Дәл осы себепті біз Оқу-ағарту министрлігінің жауабын күн санап күткен едік. Ал алған жауабымыздың сиқы мынау: алаяқтық мүлде жоқ сияқты әсер қалдыратын формальды жауап. Жүйе қалай жұмыс істеуі тиіс екені жазылған, бірақ неге ол жұмыс істемей қалғаны жөнінде бірде-бір түсініктеме жоқ.

Әрине, мемлекеттік органның сапасыз жауабына шағым түсіруге құқығымыз бар. Біз оны міндетті түрде жасаймыз. Соған қарамастан, Оқу-ағарту министрлігі осы жекеменшік мектептерді қаржыландыруға қатысты күрделі әрі даулы оқиғада батылдық танытып, өз салмақты сөзін айтады деген үмітіміз әлі де бар.

Серіктес жаңалықтары