Ирандағы наразылықтың екі күнінде ғана 30 мыңнан астам адам қаза тапқан болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Time басылымы Иранның денсаулық сақтау министрлігіндегі екі жоғары лауазымды шенеунікке сілтеме жасап, тек 8 және 9 қаңтар күндері өткен наразылықтар кезінде 30 мыңнан астам адам қаза тапқан болуы мүмкін екенін жазды.
Time мәліметінше, сол бейсенбі мен жұма күндері Иранның қауіпсіздік күштері адамды өлтіргені сонша, мемлекет мәйіттерді көму мен жою мүмкіндігінен айырылған. Шенеуніктердің айтуынша, мәйіт салатын қаптар таусылып, жедел жәрдем көліктерінің орнына жүк көліктері пайдаланылған. Бұл деректер Иран үкіметінің ішкі есебінде көрсетілген.
АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists News Agency ақпарат агенттігі 5 459 адамның қаза тапқанын растаған және тағы 17 031 өлім жағдайын тексеріп жатқанын мәлімдеген.
Сонымен бірге, Иранның денсаулық сақтау министрлігінің екі күнге қатысты мәліметтері дәрігерлер мен жедел медициналық көмек қызметкерлері жинаған деректермен шамалас. Бұл ақпарат Time басылымының қолына түскен. Неміс-ирандық офтальмохирург, дәрігер Әмір Параст осы деректер негізінде есеп дайындаған. Ол бойынша, ауруханаларда тіркелген, бірақ жасырын сақталған өлім саны 30 304-ке жеткен. Алайда бұл сан әскери ауруханаларда қаза тапқан, мәйітханаларға тікелей жеткізілген адамдарды немесе тергеу қамтымаған аумақтарда көз жұмғандарды есепке алмайды. Иранның Ұлттық қауіпсіздік кеңесі ел аумағында наразылықтар шамамен 4 мың елді мекенде өткенін мәлімдеген.
Контекст
Ирандағы жаппай наразылықтар былтыр 28 желтоқсанда валютаның құнсыздануы мен гиперинфляцияға қарсы басталып, кейін 1979 жылғы Ислам революциясынан бері билікте отырған діни режимге қарсы қозғалысқа ұласқан.
Иранның бұрынғы шахының эмиграциядағы ұлы Реза Пехлеви халықты көшеге шығуға шақырған. Сол кезде АҚШ президенті Дональд Трамп егер Иран билігі наразыларға қарсы қару қолданатын болса, көмекке келетінін айтқан. Бірақ нақты көмек көрсетілмеген.
Иран билігі елдегі интернетті толықтай өшірген. Қанға боялған мәйіттердің суреттері Starlink спутниктік интернет байланысы арқылы ғана сыртқа тарай бастаған. Алайда билік ел ішіндегі байланыс желілерін де шектегендіктен, қаза тапқандардың нақты санын анықтау қиын.
Алғашқы сенімді мәлімет Тегерандағы бір дәрігерден түскен. Ол Time басылымына ел астанасындағы небәрі алты ауруханада кемінде 217 наразылыққа қатысушының өлімі тіркелгенін хабарлаған. Ирандық медицина қызметкерлерінің бағалауынша, 10 қаңтарға қарай кемінде 16 500 наразылық білдіруші қаза тапқан.