×
501.79
595.07
6.56
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
501.79
595.07
6.56

Қарашығанақ операторлары Қазақстанға 4 млрд доллар өтемақы төлеуі мүмкін

Бүгін, 09:15
Қарашығанақ операторлары Қазақстанға 4 млрд доллар өтемақы төлеуі мүмкін
Ulysmedia.kz коллажы

Қарашығанақ кен орнын игеріп жатқан ірі мұнай компаниялары халықаралық арбитражда жеңіліп, Қазақстанға 4 млрд долларға дейін өтемақы төлеуі мүмкін. Бұл туралы істің барысынан хабардар дереккөздерге сілтеме жасаған Bloomberg агенттігі жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Өтемақының нақты көлемі әзірге анықталған жоқ. Агенттік дереккөздерінің айтуынша, жоба серіктестері — Eni SpA мен Shell Plc бастаған консорциум шешімге шағым түсіруге әлі де әрекет етуі мүмкін. Арбитраж процесі жабық форматта өткен.

Бұл іс Қазақстан үшін ішінара жеңіс саналады. Үкімет кен орны операторларынан 6 млрд доллардан астам қаржы талап еткен еді. Арбитраж трибуналы Қазақстан билігінің ұстанымымен келісіп, компаниялар мемлекет есебінен келісілмеген және өнімді бөлу туралы келісім аясында өтелмеуі тиіс шығындарды заңсыз қайтарып келгенін мойындады.

Үкімет тартқан заңгерлердің бағалауынша, сот шешімі Қарашығанақ серіктестері — олардың қатарында Chevron, «Лукойл» және «ҚазМұнайГаз» бар — 2–4 млрд доллар аралығындағы қаражатты кері қайтаруы тиіс екенін білдіреді. Бұл сома өндірілген мұнайды бөлу тетігін өзгерту арқылы өтелуі ықтимал.

Сот сондай-ақ мұнай компанияларының істі ішінара жабу жөніндегі талабын қабылдамай, мерзімнің өтіп кеткені туралы уәжін негізсіз деп тапты. Арбитраж Лондонда, Стокгольм арбитражы ережелері бойынша қаралған.

Қазақстанның Энергетика министрлігі процесті түсіндіруден бас тартты. Chevron компаниясы істің әлі жалғасып жатқанын ғана мәлімдеді. «ҚазМұнайГаз» пікір білдірмеді. Ал Shell, Eni және «Лукойл» агенттік сұрауына жауап қайтармаған. Кен орнын игеруші Karachaganak Petroleum Operating BV де түсініктеме беруден бас тартты.

КОНТЕКСТ

Қарашығанаққа қатысты талап-арыз 2023 жылы берілген. Бастапқыда талап сомасы 3,5 млрд доллар болғанымен, кейін шығындардың қолдан ұлғайтылуы мен ықтимал жемқорлыққа байланысты айыптауларға орай өсті.

2024 жылы халықаралық компаниялар дауды ішкі нарыққа арналған газ өңдеу зауытын салу арқылы реттеуді ұсынған. Қазақстан мен шетелдік мұнай алпауыттары арасындағы даулар бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Қарашығанақтан бөлек, мемлекет Қашаған кен орнын игерушілерге 160 млрд доллардан астам талап қойып, сондай-ақ 5 млрд доллар көлемінде экологиялық айыппұл салған болатын.

Серіктес жаңалықтары